Отандық шабандоздар бүгін қос жарыстың жеңімпазы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада конкурдан халықаралық FEI Jumping World Cup™ Eurasian League Final (CSI1-W LF Astana 2026) турнирінің кезекті жарыс күні аяқталды.

Отандық шабандоздар бүгін қос жарыстың жеңімпазы атанды
Фото: Қазақстан ат спорты федерациясы

Еуразияның үздік шабандоздары бақ сынап жатқан беделді додада Қазақстан құрамасының спортшылары жоғары шеберлік танытып, екі маршрут бойынша жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

21 қарашадағы жарыс бағдарламасы аясында спортшылар 140 см және 130 см биіктіктегі кедергілерден өту бойынша өзара мықтыны анықтады.

Отандық шабандоздар бүгін қос жарыстың жеңімпазы атанды
Фото: Қазақстан ат спорты федерациясы

Күннің ең күрделі бағдарламасында қазақстандық шабандоз Раиса Соколенко URAN — NAD WIGRAMI есімді сәйгүлігімен еш қателіксіз өнер көрсетіп, 1-орынды жеңіп алды. Екінші орын Қырғызстан өкілі Ринат Галимовке бұйырса, үздік үштікті өзбекстандық Бекзод Курбанов түйіндеді.

Отандық шабандоздар бүгін қос жарыстың жеңімпазы атанды
Фото: Қазақстан ат спорты федерациясы

№ 5 жарыс қорытындысы (140 см):

  • 1-орын: Раиса Соколенко — URAN — NAD WIGRAMI (Қазақстан);
  • 2-орын: Ринат Галимов — KIRA VAN DE LAREN Z (Қырғызстан);
  • 3-орын: Бекзод Курбанов — SANTOS HIPPICA (Өзбекстан);
  • 4-орын: Аян Ғани — MOOS (Қазақстан);
  • 5-орын: Нұрила Тұрысбекова — JOURNEY (Қазақстан).

Екінші маршрутта да Қазақстан туы желбіреді. SHENANIGAN тұлпарын тізгіндеген Олег Соколенко қарсыластарынан оқ бойы озып, жеңімпаз атанды. Қырғызстандық шабандоздар Игорь Козубаев пен Ринат Галимов сәйкесінше екінші және үшінші орындарға тұрақтады.

Отандық шабандоздар бүгін қос жарыстың жеңімпазы атанды
Фото: Қазақстан ат спорты федерациясы

№ 6 жарыс қорытындысы (130 см):

  • 1-орын: Олег Соколенко — SHENANIGAN (Қазақстан);
  • 2-орын: Игорь Козубаев — D’ARTAGNAN Z (Қырғызстан);
  • 3-орын: Ринат Галимов — ENRIQUE PKZ (Қырғызстан);
  • 4-орын: Нұрила Тұрысбекова — ONS KIND (Қазақстан);
  • 5-орын: Ислам Исламов — CORVETTE SK (Қазақстан).

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан FEI Jumping World Cup™ Еуразия лигасының финалдық кезеңі — өңірдегі ең ірі халықаралық турнирлердің бірі. Жарыс қорытындысы бойынша Әлем кубогының суперфиналына жолдама алатын үздік спортшылар анықталады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада тұңғыш рет конкурдан Әлем кубогы Еуразия лигасының финалы өтіп жатқанын жазғанбыз.