Отбасы банк Алматыдағы бұзылғалы тұрған тұрғын үй кешеніне қатысты жағдайды түсіндірді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Montblanc тұрғын үй кешенінің тұрғындары нысанның бұзылуы мүмкін екеніне алаңдаулы. Олардың сөзінше, баспананы Отбасы банк арқылы ипотекамен сатып алған, енді кешен бұзылғалы жатса да, несиені төлеуге міндетті.

 Montblanc
Фото: logovo.kz

Алайда Отбасы банк бұл нысан бойынша құрылыс компаниясымен ешқандай келісімшарт жасалмағанын мәлімдеді. Банк Montblanc кешені туралы ақпарат немесе жарнама таратпағанын да хабарлады.

Банктің ақпаратынша, Montblanc кешеніндегі пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларымен емес, коммерциялық негізде сатылған.

– Montblanc тұрғын үй кешенінен баспана алу үшін аралық қарыздар берілген. Бұл несие түрі арқылы нарықтағы кез келген жылжымайтын мүлікті – екінші деңгейлі тұрғын үйді де құрылыс салушыдан тікелей де сатып алуға болады. Сондай-ақ екінші немесе үшінші баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Мұндай қарызды алу үшін шотыңызда несие сомасының 50%-ы болуы қажет. Клиенттер сатып алуға болатын нысанды өзі таңдаған және несиеге өтініш беру үшін Отбасы банкке жүгінгенімен қатар, заңнама талаптарына сәйкес толық құжат пакетін ұсынған.

Барлық несие қарыз алушылардың қолындағы басқа мүлікті кепілге қою шартымен берілген және несие келісімшарттары жасалған сәттегі қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асырылған, - делінген мәлімдемеде.

Қаржы ұйымының мәліметінше, 2022 жылғы 14 қаңтар мен 29 шілде аралығында Отбасы банк Montblanc кешеніндегі пәтерлерді сатып алуға небәрі 5 несие берген. Бұл – кешендегі жалпы пәтер санының 5%-ы ғана. Жалпы несие көлемі – 232,4 млн теңге. Бүгінде оның біреуі толық өтелген, ал төрт қарыз бойынша берешек – 55,4 млн теңге. Барлық қарыз алушы өз қарызын өтеп жатыр.

Банк қаржылық жағдайы нашарлаған бір клиентке 2026 жылғы наурызға дейін төлемді кейінге шегерумен қайта құрылымдау жасаған. Тағы бір қарыз алушыдан осындай өтініш түскен.

Отбасы банк заңнамаға сәйкес төлемдерді тоқтата тұру тек несие алаяқтық жолмен рәсімделген жағдайда ғана мүмкін екенін еске салды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тарапынан алаяқтық туралы ақпарат түспеген.

Сонымен қатар банк қарыз алушылардың құрылыс компаниясынан келтірілген шығынды өндіріп алуға құқылы екенін атап өтті. 

– Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексіне сәйкес, қарыз алушылар өздеріне зиян келтірген тұлғаларға азаматтық талап қоюға құқылы. Егер құрылыс компаниясының басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда, клиенттер келтірілген мүліктік және моральдық зиянды өтеуді кінәлі тұлғадан талап ете алады. Үш қарыз алушыда тұрғын үй сатып алуға жұмсалған қаражатты құрылыс салушыдан өндіріп алу туралы сот шешімі бар екені белгілі, - делінген хабарламада.

Банк 2025 жылғы 31 тамыздан бастап ипотекалық несие беру талаптарының қатаңдайтынын да еске салды. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес, банктер тек үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты және кепілдік шарты бар нысандарға ғана ипотека бере алады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда үлестік құрылыстағы алаяқтық бойынша 27 қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлағанбыз

Аталған қылмыстық істер бойынша 305 адам зардап шеккен. Олар 3 миллиард 200 миллион теңгеден астам сома шығынға батқан.

Соңғы жаңалықтар