Отбасындағы жанжал: Өзбекстанда әйел екі баласымен бірге 8 қабаттан секіріп кетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қайғылы оқиға 17 қыркүйекте Ташкент қаласының Алмазар ауданындағы «Olmazor City» тұрғын үй кешенінде болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бас прокуратураның мәліметіне сай, 24 жастағы әйел алдымен екі баласын төртінші қабаттан лақтырып жіберген. Кейін өзі 8-қабатқа көтеріліп, терезеден секірген. Оқиға орнына дереу жеткен дәрігерлер 1 және 3 жастағы екі бүлдіршіннің өмірін аман сақтап қалды. Ал әйел ауруханада жан тапсырды.
Алдын-ала тергеу дерегіне сәйкес, қайғылы жағдайға қызғаныштан туған отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін. Аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда отбасылық жанжал үшін ажырасатындарды татуластыруға шектеу қойылмақ.
Еске салайық, былтыр 10 айда Өзбекстан соттары тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасаған 15 826 адамды жауапқа тартты.
Сонымен қатар көп әйел алуды насихаттаған және адамды жынысына байланысты кемсіткен 21 өзбекстандық жаза арқалады.
Бұған қоса, былтырдан бастап Өзбекстанда балаға қатысты жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза енгізілді.