Отбасындағы зорлық-зомбылықты үй ішінен сыртқа шығармау әдетке айналған – ІІМ

Отбасындағы зорлық-зомбылықты үй ішінен сыртқа шығармау әдетке айналған – ІІМ
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Ішкі істер органдарына отбасында зорлық-зомбылық көрсету бойынша 99 026 факті тіркелген. Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемалары қоғамда жиі қозғалып, жәбірленушілер көрген азабын ашық айта бастады. Отбасының шырқын бұзып, жұдырығын ала жүгіретіндермен күрестің қалай жүріп жатқанын білу мақсатында Kazinform агенттігі Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдаған еді.

Ұрып-соғу, күш көрсету фактілері 102 каналына келіп түскен қоңыраулар, арыздар мен шағымдар, хабарламалар, БАҚ және әлеуметтік желілерге жарияланған жазбалар арқылы анықталады. Сондай-ақ, полицейлердің өздері де бұзақыларды тауып жатады.

«Зорлық-зомбылықтың мән-жайы жәбірленушіден, куәгерлерден және құқық бұзушының өзінен жауап алу арқылы нақтыланады. Сонымен қатар бейнекамералардан алынған айғақтар, ақпарат көздерінде жарияланған видеолар, оқиға орнына келген полицияның тексеру негізінде толтырылған хаттама және басқа да айғақтармен дәлелденеді», - делінген ресми ақпаратта.

Ал жәбірленушінің денсаулығына жеңіл дәрежедегі зиян келген жағдайда оны қалай дәлелдейді?

«Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы негізінде, егер денсаулығына көзге көрінетін зиян келмей, алайда құқық бұзушы оны ұрып-соқса сот-медициналық сараптасының қорытындысынсыз, жәбірленуші жауап беру барысында өзіне физикалық ауырсыну келтірілгені жөнінде айғақтар ұсынуы және оны куәгерлердің жауабымен немесе басқа да (фото, бейне, аудиожазба) айғақтармен дәлелденеді», - дейді ведомстводан.

Айта кетсек, Ішкі істер органдары былтырдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша іс қозғауда өтініш беру сипатынан анықтау форматына көшкен.

«Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықты үй ішінен сыртқа шығармау әдетке айналған. Алайда біз қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы зорлық-зомбылық фактілері туралы полицияға дереу хабарлау қажеттігі туралы мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деген жауап алдық ІІМ-ден.

Соңғы жаңалықтар