Отбасындағы зорлық-зомбылықты жасырып қалатындар бар — полицей

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң талаптары күшейтілгелі Қызылорда облысында жәбірленушілердің полицияға жүгіну жағдайлары көбейді.

қылмыс
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінікі

— Жыл басынан бері облыста отбасылық-тұрмыстық қатынас барысында жасалған қылмыс саны 57-ден 73-ке, яғни 78,08 пайызға көбейді. Көрсеткіштің жоғарылауының басты себептерінің бірі — бұған дейін әкімшілік жаза ретінде қолданылатын іс-әрекеттердің жаңа заң талабына сәйкес қылмыстық іс болып есептелуі. Мысалы, бұған дейін ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша әкімшілік хаттама рәсімделсе, енді ол бойынша қылмыстық іс қозғалады, — деді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Гүлжан Ілиясова.

Мамандар әйелді төмендету, ер адамның отбасындағы үстемдігін қалыпты санау, баланың көзінше кикілжің шығару немесе оған күш қолдану, басқа да келеңсіздіктер кейбір отбасыда қалыпты құбылысқа айналғанын атап өтті.

— Күйеуінің үстінен шағымданатын әйелдер, қартайған кезде ұл-қызының қысымына ұшырайтындар, бір үйде тұратын бауырынан немесе туысынан зорлық көріп шағымданатындар жетерлік. Тіпті ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайына күн көрсетпей, қудалайтындар кездеседі. Өкінішке қарай кейбіреулер отбасындағы келеңсіздікті жасырып қалуға тырысады. Өйткені жұртқа масқара болғысы келмейді, балалар үшін шыдап бағады, енді бірі қаржылық тұрғыда жұбайына тәуелді, — деді Гүлжан Ілиясова.

Өңірімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілерді қорғауға бағытталған бірнеше тетік бар. Атап айтқанда, 102 нөмірлі полицияға, жасөспірімдерге арналған 111 нөмірлі сенім телефонына хабарласуға немесе уақытша баспана, психологиялық және құқықтық көмек көрсету мүмкіндігі бар дағдарыс орталығына жүгінуге болады.

Заң талабы күшейген соң аймақта уақытша баспанаға орналастыру, әлеуметтік қызмет туралы ақпараттың таралу ауқымы кеңейіп, қорғау нұсқамаларының саны артты. Тәртіп сақшыларының сөзінше, нұсқама талабын бұзған адам үшін қатаң жаза көзделген.

— Ішімдікке тәуелді, ата-ана ретінде жауапкершілікті орындамайтын, отбасында зорлық-зомбылық көрсететін құқық бұзушыны полиция қызметкері бір ай мерзімге есепке алып, қорғау нұсқамасын қояды. Оны орындамаған жағдайда полицияның ұсынысымен іс сотқа жолданады, — деді департамент өкілі.

Бұған дейін біз Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуына тұрмыстық зорлық-зомбылық, опасыздық және тәуелділіктер негізгі себеп болып отырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар