Otbasy fest: елордада жас отбасылар баспаналы болды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Отбасы банк» АҚ ұйымдастыруымен тұрғын үй фестивалі өтті.

Отбасы фест
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

Өткен сенбіде елорда тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО аумағындағы алаңға жиналды. Ол жерде баспана фестивалі өтті. Іс-шара барысында Отбасы банкінің «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына қатысып, бағы жанған жас отбасыларға пәтер кілті табыс етілді.

Отбасы банк - Наурыз бағдарламасы
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

— Бүгін елордалық салымшыларға салтанатты түрде пәтер кілтін табыстап жатырмыз. Біздің банктің ел бойынша 3 млн-ға жуық салымшысы бар, тек елорданың өзінде 285 мыңнан астам тұрақты салымшымыз бар. Астанада 73 мың жанұя «Отбасы банк» арқылы баспаналы болды, астаналықтар күніне 70 пәтерге дейін алып жатады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы және соның бір бөлігі болып табылатын «Наурыз Жұмыскер» бағыты жалғасады. Бүгін куә болып отырсыздар, 5 елордалық отбасыға көптен күткен пәтер кілтін табыстадық, — деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова салтанатты шара барысында.

Отбасы банк басшысының айтуынша, баспаналы болып жатқан отбасылар пәтер құнының 20 пайызын алғашқы жарна түрінде банк есепшотына құйған.

Отбасы банкінің төрағасы
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

— Осы орайда біздің серіктес құрылыс компанияларына алғыс айтамын. Биыл «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы аясында 10 мыңға жуық қазақстандық отбасы баспаналы болады, жалпы барлық бағдарлама жалғасын табады. Сол үшін де алғашқы жарнаны бүгіннен қалмай жинай беру керек, сіздің депозитке салған әр теңге болашақ арманыңыздағы үйдің негізі. Ал Астанада өз пәтеріңіздің болуы, ол көптің арманы. Бұған дейін бүгінгідей «Otbasy fest» Шымкент қаласында өтті, алдағы уақытта басқа да қалаларда ұйымдастыратын боламыз. Алдағы уақытта біз азаматтардың әртүрлі санаттарына арналған бағдарламаларды дамытуды жоспарлап отырмыз, әсіресе көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға баса назар аударамыз. Қыркүйек айынан бастап біз Астанада бірқатар семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз, онда әрбір тұрғын үй кешені мысалында пәтерлердің нақты қалай бөлінетінін көрсетеміз. Біз барлық процесссдердің ашық болуын қалаймыз, адамдар бағдарламаның артықшылықтарын өз көздерімен көруі тиіс, — деді ол.

Сондай-ақ басқарма төрағасы елімізде ипотекаға сұраныс жоғары екенін айтып отыр, мәлімдеуінше елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүние есігін ашады. Әсіресе, қазақстандықтар тарапынан «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасына қызығушылық артқан.

Ақмарал Куликова
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

— Басында депозит ашуға қорықтық, сенбедік енді. Жолдасым екеуміз тәуекел деп, депозит ашып алғашқы жарнаны жинауды бастадық. Үнемдеп жүріп 2 млн теңге жарна жинадық, сосын «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінім бердік. Өтінімді мақұлдағанда қатты қуандық, себебі отбасымызбен қанша жыл бойы пәтер жалдап тұрып келеміз. 5 балам бар, көпбалалы анамын. Бүгін бұйырып, 3 бөлмелі пәтер кілтін алдық, отбасымызбен өте қуаныштымыз, — деп ағынан жарылды баспаналы болған елорда тұрғыны Ақмарал Куликова.

Баспаналы болған көпбалалы ананың сөзінше, тұрғын үй бағдарламасының шарты өте тиімді.

— «Отбасы банкінде» депозит ашып, үнемдеп ақша жинау керек. Банк қызметкерлеріне көп рақмет. Барлық отбасы баспаналы болуын тілеймін, — дейді жаңа пәтер иесі.

Сонымен қатар Otbasy fest-ке отандық құрылыс компанияларының өкілдері қатысты, мамандар жиналған қауымға тұрғын үй бағдарламалары, жаңа салынып жатқан үйлер бойынша тегін кеңес берді. Тіпті, сол жерде Отбасы банкінде депозит ашу мүмкіндігі болды. Ал фестивальдің соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.

Еске сала кетсек, биыл наурыз айында Отбасы банкінде «Наурыз» бағдарламасының екінші кезеңі іске қосылды

Сондай-ақ 17 наурызда «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. 

Соңғы жаңалықтар