АҚШ-та кішкентай балалар арасында никотиннен улану жағдайы күрт артты
ВАШИНГТОН. KAZINFORM — АҚШ-та алты жасқа дейінгі балалар арасында никотиннен улану жағдайлары күрт өсті. Бұл туралы NBC News телеарнасы Педиатрия журналына сілтеме жасап хабарлады. Журнал материалын АҚШ Педиатрия академиясы жариялаған, деп жазды Анадолы.

Зерттеу деректеріне сәйкес, 2010 жылдан 2023 жылға дейін елдегі токсикологиялық орталықтар 134 663 жағдайды тіркеген. Улану жағдайларының дерлік барлығы үй жағдайында болған.
Никотин пакеттері — басты қауіп көзі
Дәрігерлер Zyn секілді танымал брендтердің құрамында темекі жоқ, бірақ 6 мг-ға дейін никотин бар никотиндік пакеттеріне алаңдаушылық білдіріп отыр.
2020 жылы 100 000 балаға шаққанда мұндай улану 0,48 жағдай болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 4,14-ке жеткен — яғни 763%-ға өсім байқалған.
Бұл өнімдердің көпшілігі жеміс не жалбыз дәмімен шығарылады және балаларға қарсы қорғаныс қаптамасы жоқ. АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті бақылау басқармасы (FDA) оларды темекіден бас тарту құралы ретінде мақұлдамаған.
— Мұндай өнімдердің сәбилердің қолына түсуі — уақыт еншісіндегі мәселе еді. Бұл — өкінішті, бірақ таңқаларлық жағдай емес, — деді Мичиган штатынан педиатр және АҚШ Педиатрия академиясының өкілі доктор Молли О’Ши.
Никотин — күшті у: 2 бала көз жұмған
Мамандар никотиннің жоғары уыттылығын ескертеді. Ол жүрек соғысын жиілетіп, қысымды көтеріп, лоқсу, құсу, ал ауыр жағдайларда кома тудыруы мүмкін.
Зерттеуде көп жағдайда белгілер жеңіл болғанымен, 39 баланың жағдайы ауырлап, тыныс алуы қиындап, тырысу сияқты асқынулар тіркелген.
Сонымен қатар, бір жасар ұл бала мен шамамен 1,5 жастағы тағы бір сәби вейпке арналған никотин сұйықтығын ішіп, қайтыс болған.
— Көптеген балалардың ауыр асқынусыз аман қалуы — жақсы. Бірақ екі баланың өлімі — тым көп, әсіресе егер олар алдын алуға болатын қайғылы жағдайлар болса, — деді зерттеу авторы, Огайо орталық улану орталығының директоры Натали Райн.
Никотин өнімдерін балалардан алыстату қажет
Мамандар никотин бар өнімдерді балалар қолы жетпейтін, жабылатын жерде сақтау қажеттігін баса айтты.
— Никотин өнімдерін жай үстелде не сөмкеде емес, көзден таса және құлыптаулы жерлерде сақтау қажет, — делінген зерттеуде.
Сондай-ақ Натали Райн жасөспірімдер мұндай өнімдерді ата-анасының рұқсатынсыз қолдануы мүмкін екенін ескертті.
— Баламен ашық әрі айыптамай сөйлесу керек. Қауіптің алдын алу үшін бұл өте маңызды, — деді ол.
Соңында ол ата-аналарға АҚШ ұлттық улануға қарсы орталығының нөмірін телефонына сақтап қоюды ұсынды, өйткені дер кезінде көмекке жүгіну — баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін құрамында никотині бар вейп сұйықтарын сатқан елорда тұрғыны сотталғанын жазған едік.