Отшашуды қалай заңды әрі қауіпсіз қолдануға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда IV классқа жататын (қуатты) пиротехникалық бұйымдарды тек ІІМ-нің лицензиясы бар заңды тұлғалар ғана пайдалана алады, деп хабарлайды Абай облысы ПД баспасөз қызметі.

отшашу
Фото: Абай облысы ПД

Бұқаралық іс-шарада отшашу ұйымдастыру үшін:

  • Жергілікті атқарушы органнан рұқсат алу;
  • Ішкі істер органдарымен келісу;
  • Іс-шара өтетін күнге дейін кемінде 10 жұмыс күні бұрын өтініш беру қажет.

Сонымен қатар келесі құжаттарды әзірлеп, ұсыну керек:

— отшашудың техникалық сипаттамалары;

— отшашу атылатын орынның сызбасы;

— бұйымдарды тасымалдайтын көлік туралы ақпарат.

Отшашу ұйымдастырушыларға бірқатар міндет жүктелген:

• Көрермендер мен қызмет көрсетуші персонал үшін қауіпсіз жағдай жасау;

• Пиротехникалық бұйымдарды сақтау мен тасымалдаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

• Қауіпсіздік шараларын ішкі істер органдарымен келісу;

• Ішкі істер органдарымен бірлесіп, отшашу өтетін орынды күзету шараларын ұйымдастыру.

ІІМ аталған талаптар бұзылған жағдайда айыппұл салынатынын ескертті.

— Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы — рұқсатсыз қызмет атқару, 483-бабы — пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, тасымалдау немесе қолдану ережелерін бұзу. Осы кодекс нормалары бұзылған жағдайда айыппұл салу көзделген. Есте сақтаңыз: отшашу — жай ғана көңіл көтеру емес, қауіпті әрекет. Мереке қауіпсіз өтуі үшін заң талаптарын сақтаңыз! — деп атап өтті Абай облысы ПД.

Айта кетейік, елімізде айтулы мереке күндері қала орталықтарында отшашу атылады. Әдетте, мерекелік фейерверктердің жарқырауын тамашалауға жұрт көп жиналады. Ал эколог мамандар отшашудың (фейерверк) қоршаған ортаға залалын айтып алаңдап отыр. Осы орайда Kazinform тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұстанымын білді.

Соңғы жаңалықтар