Өз өміріме өкінбеймін: Қазақтың батыр қызы Әлия майдан даласынан қандай хаттар жазды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына биыл 100 жыл толады. Kazinform тілшісі Ақтөбенің Бұлақ ауылында туып, Ресейдің Новосокольники ауданында ерлікпен қаза тапқан батырдың музейіндегі құнды жәрігермен танысты.

Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде әр сағат сайын экскурсия, танымдық кездесу, онлайн басқосу өтіп жатыр.
Мұнда балабақша балаларынан бастап өңірге келген меймандар жаңартылған форматтағы музей тіршілігімен танысады. Музейге кіреберісте «Әлия Молдағұлова» Баку жүк тасымалдау теплоходының макеті, Әлия Молдағұлова оқыған Вятск орта мектебінің үлгісі тұр.

Әрі қарай келушілер батыр қыздың туған жері Бұлақ ауылындағы үйдің макеті мен дастархан басындағы әңгімесін тыңдайды.
«Апа, далада мені ешкі сүзгісі келді! Мен айттым, мені сүзбе, мен Ылиямын деп айттым», — дейді кішкентай қыз. Ал әкесі мен анасы батыр болады деп батасын береді.
Әрі қарай келушілер Әлия Молдағұлованың туған жері мен мектебі, өскен ортасы мен батырдың майдан даласындағы ерлігін толық көріп, танысады.

Музейде Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы жарлықтың түпнұсқасы сақтаулы
Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде бірқатар құжаттың, фотосуреттердің түпнұсқасы сақталған.
Сонымен бірге Әлия Молдағұлова жерленген жерден топырақ, гүл әкелінген.

— Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы Жарлықтың тұпнұсқасы бар. Сонымен бірге Жоғары кеңес президиумы әкесі Нұрмұхамбет Сарқұловқа хат жіберген. Әлия Молдағұлова Вятск орта мектебінде оқыған. Сол мектептегі журналдың түснұсқасы бізге жетті. Ол журналист Орынбасар Бекмағамбетовтің еңбегі. Журналист бұрын музейде қор сақтаушы болып еңбек етеді. Сол шақта музейдің алғашқы директоры Сәбит Баймолдин Орынбасар Бекмағамбетовті жұмысқа алып, Ресейге іссапарға жібереді. Соғыс кезінде көп құжат өртте қалып, жойылған. Ал Вятск орта мектебіндегі журнал сақталған. Әлия екі ай оқыса да тарихта қалды. Сол кездегі мектеп директоры рұқсат бермегенімен, үш күн есігінің алдына түнеген соң Орынбасар Бекмағамбетовке кейбір беттерін ғана жыртып алуына рұқсат еткен. Сөйтіп бірнеше пәннің беті түпнұсқада музейде сақталып тұр. Ал фотосына келер болсақ, соғыс кезінде түскен фотосы түпнұсқа. Бисембай Хабиевтің қызы Ария Бисембайқызында бар. Әкесінен қалған мұраны өзінде сақтап отыр. Сонымен бірге облыстық мұрағатта туыстары Абдолла Хабиев және Мақпал Хабиевамен түскен фотосы сақтаулы. Музейде Әлиямен бірге оқыған достарынан алған фотоның көшірмелері бар, — дейді Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы Толқын Жаңабергенова.


Самуил Невельштейн салған суретте Әлияның образы бейнеленген
1961 жылы суретші Самуил Невельштейн Әлия Молдағұлованың бейнесін салған. Кейін көп жерге таралды. Бірақ бұл Әлияның нақ өзі емес, образы.
— Самуил Невельштейн де қоршауда болған. Ол Әлия Молдағұлованы көрмеген, бірақ образын салған. Әлия туралы киноға таңдалған Қырғызстанның халық әртісі, Әлия рөлін сомдаушы актриса Айтуған Темирова да осы фотоға қарай іріктелген екен. Сонымен бірге 1944 жылы Николай Дмитриев те суретін салды. Ол ұқсатып салған, — деді Толқын Жаңабергенова.

Әлияның өмірін кімдер зерттеді?
Әлия Молдағұлова туралы Сейілхан Асқаров зерттеді, құжаттарын жинақтады. Қазақтың қос батыр қызы жайлы ақпаратты жинау үшін ол сол жолмен жүрді, достарымен, майдангерлермен, әскери қолбасшылармен кездесті, сұхбат құрды.
«Снайпер» киносына сценарий де жазылды, кино түсірілді. Ал ақтөбелік Ғалымжан Байдербес Әлия Молдағұлованы насихаттап, елге танытты, ескерткіштерді орнатуға үлес қосты.
Әлия майдан даласында кімдерге хат жазды?
Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова жазған хаттар республикалық архивте сақталған. Сапура (Әбубәкір Молдағұловтың қарындасы) апасына жазған хаттардың бәрі сонда түскен.
Қазір хаттардың көшірмесі Ақтөбедегі музейінде бар әрі оны дыбыстаған, тыңдауға болады.

Бір қызығы Сапура апайына бірде газет қиындысына хат жазған. Сол хатта Абайдың бір шумақ өлеңі жазулы тұр.
«Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенге боласың тең», — деп Сапураға жазған хатын түйіндеген.

Хаттан үзінді:
— Өз өміріме өкінбеймін. Мектепте әлі біраз уақыт оқуға қалдыра тұрса да майданға өзім сұрандым. Дегенмен жүректе бір мұң бар. Өзімді ойламаймын, сені, балаларды, апайды және жалпы туыстарды көре алмай бара жатқаныма өкінемін.

Ол көбіне хатты орыс тілінде, тек нағашысы Бисембай Хабиевке қазақша жазды.
Хатта:
— Бисембай ағатайым! Аман-есен жүрсің бе? Мен де майданға келдім. Сендер майданға кеткенде менің үйде отырып қалуға дәтім шыдамады. Мұнда келгелі де бірталай болып кетті. Қазір енді соғыстың алдыңғы шебіндемін. Осы хатты қалың ағаштың арасында, терең окоп ішінде жазып отырмын. Бисембай ағатайым! Мені қазір көрер ме едің? Немістермен бетпе-бет аңдасып жатырмыз. Менің басымда каска, белімде граната, қолымда винтовка. Мен қорқақ болармын деп ойлаушы едім ғой, қорқу дегеннің не екенін қазір білмеймін, бұл қалай, ә? Талай-талай оқтар төбе тұсымнан да, бүйір тұсымнан да сып етіп ағып өтеді, снаряд атаулы дәл қасымнан жарылып та жатады. Бірақ үйреншікті болып кеткен бе, қорқыта алмайды. Ағатайым-ау! Сен мені қазір көрсең ғой… Өз көзіңе өзің сенбес едің-ау! Маған солдаттардың бәрі де таң қалады. Олар кейде қазақтың қасқыр қызы деп атайды. Ағатай, сен бұған нанбассың, бәлкім? Мейлі нанбасаң нанбай-ақ қой! Осы күні немістерді қояндай құлатамын. Алғашқы орайда аздап жүрегім қоболжитын еді, кейіннен қобалжу түгелі жау қарасы қай жерден көрінесің деп іздеп тұратын болдым», — деп жазған.

Әлияның өмір жолы
Әлия Молдағұлова 1925 жылы 15 маусым күні Ақтөбе облысы Бұлақ ауылында Нұрмұхамбет Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың шаңырағында өмірге келген. 6 жасында анасынан айырылады. Әкесі және інісі Бағдат үшеуі қалғанымен, бауыры көп ұзамай көз жұмды.
Кейін әкесі Нұрмұхамбет Сарқұлов қызын нағашы әжесі Тәжікен Молдағұлова мен нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың тәрбиесіне береді. Әлияның шын есімі — Ылия. Нағашы ағасы оның тегін өзгертіп, Молдағұлова деп жаздырады.
Ал Ылияның Әлияға өзгеріп кетуі, Ресейде оқып, сонда білім алған кезде Алия, Лия болды деп түсіндіреді зерттеушілер. 1933 жылы Әлия ағасы Әбубәкір Молдағұловпен бірге Әулиеата қаласына көшеді. Сол жерде № 11 мектепте оқиды.

1935 жылы ағасы әскери академияға оқуға түсіп, отбасы Мәскеу қаласына қоныс аударады. Ал 1938 жылы Ленинградқа көшеді. Мұнда № 9 мектепте білім алады. Мектепті жақсы оқыған Әлия «Артек» лагеріне алынып, демалысқа жіберілді.
Тарихқа сүйенсек, Молдағұловтар отбасы Ленинградта бір бөлмелі пәтерде тұрып, Әлия мектеп-интернатқа қоныстанады. 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталып, Ленинград қоршауда қалады. Балаларға сол кезде бір үзім нан мен су ғана берілген.
Кейін Рыбинск техникумына оқуға түсіп, майданға сұранады. Ал 1943 жылы спайперлер мектебінде оқып, сол жылы майданға аттанады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы маусым айында өтеді. 12 маусымда Әлияның туған жері Қобда ауданында және 13 маусымда Ақтөбе қаласында бірнеше шара ұйымдастырылады.
Қобда ауданының Әлия және Бұлақ ауылдарында мерекелік бағдарлама жоспарланды. Сондай-ақ, аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған гала-концерт ұйымдастырылмақ.
«Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумы өтеді. Форумға Әлия Молдағұлова туыстары, Қазақстанның Халық әртісі, «Әлия» әнін орындаушы Роза Рымбаева, Қырғызстанның халық әртісі, Әлия рөлін сомдаушы актриса Айтуған Темирова, Ақтөбеден шыққан белгілі тұлғалар мен «Әлия» туралы шығармалардың авторлары және республика бойынша Әлия атындағы мектеп, музейлердің өкілдері келеді. «Әлия» мюзиклі сахналанады.

Еске сала кетейік, Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған шаралар басталып кетті.
Оның музейінде «Әлия — қаһармандық дастаны» атты тақырыптық экскурсия мен деректі фильмдер көрсетілімі өтті.
Сондай-ақ зағиптар қоғамы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнап спектакль қойды.