Өзі тұратын жатақханада жарылғыш зат бар деп хабарлаған ақтөбелік ұсталды

пресс-служба Правительства РК
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласының 34 жастағы тұрғыны шағын отбасылық жатақханада жарылғыш зат бар екенін хабарлады. Полиция тексеру жұмыстарының соң хабарламаның жалған екенін анықтап, күдіктіні ұстады.

Оқиға кеше түнде болды. Ер адам полицияның «102» телефонына қоңырау шалып, Ақтөбе қаласындағы шағын отбасылық жатақханаға жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, саперлер жетіп, ғимаратты тексеріп шықты. 

- Полицейлер жалған хабарлама берген 34 жастағы ақтөбелікті жедел анықтап, бөлімшеге жеткізді. Ұсталған күдіктінің мас күйде болғаны және жатақхана тұрғыны екені анықталды. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе облысының полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін, мұндай жалған хабарлама таратқандарға 5000 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 5 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылғанын еске салады,- деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста терроризм актісі туралы 7 жалған хабарлама түсіп, тексерілді. Оның ішінде екі хабарлама кәмелетке толмағандардан түсті.

Соңғы жаңалықтар