Өзбек жастары Абдукодир Хусанов сияқты болуды армандай бастады – спортшының жаттықтырушысы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бұрын өзбекстандық жастар Криштиану Роналдуға еліктесе, қазір Абдукодир Хусановтың дәрежесіне жетуді армандай бастады. Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген 20 жастағы аяқдопшының бұрынғы жаттықтырушысы Алишер Ибрагимов осылай мәлім етті.

Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының ойыншысы Абдукодир Хусанов ресми түрде атақты «Манчестер Сити» командасының жейдесін киді. Оны премьер-лиганың 6 дүркін чемпиондары 40 млн еуроға француздың «Ланс» командасынан сатып алды. Бұл - өзбек футболы үшін тарихи оқиға.

Осы орайда, Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі Абдукодир Хусановты 4 жылға жуық баптаған жаттықтырушысы Алишер Ибрагимовпен сұхбат құрып, шәкіртінің жетістігі мен жалпы көрші ел футболының аяқ алысын сұрап көрді.

Алишер Ибрагимов — талай футболшының бабын келістіріп, бағын ашқан тәжірибелі жаттықтырушы. Абдукодир Хусанов — солардың бірі. А.Ибрагимовтің сөзінше, ағылшын командасы ойыншы таңдауда қателескен жоқ.
- 12 жасқа толғанша А.Хусановты марқұм Акмал Русхуллаев жаттықтырды. Әрі қарай ол өзінен екі жас үлкен балалармен доп теуіп жүрді. Мен «Бунёдкор» командасында 2003 жылғы жасөспірімдермен жұмыс істеп жүргенмін. Сол кезеңде маған А.Русхуллаев А.Хусановты өзіме алуымды өтінді, өйткені оған үлкен топпен ойнау қиын еді. Тиісінше, мен оны 4 жылға жуық жаттықтырдым, - деді А.Ибрагимов.

Бүгінде «Манчестер Ситидің» ойыншысы атанған Абдукодир Хусановты 12-16 жас аралғында осы Алишер Ибрагимов жаттықтырған. Бапкердің айтуынша, әр футболшының болашақ бағыты мен негізін осы кезеңде қалыптастырып үлгеру маңызды.
- Болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы екенін әуелден байқадық. Ол үнемі негізгі құрамда өнер көрсетті. Қазан қаласында өткен чемпионатта бірінші орын алдық. Шыдамды, еңбекқор, ойлау қабілеті жоғары ойыншы. Футболшының негізі 12-16 жас аралығында қалыптасады. Сол кезеңде Абдукодир Хусанов менің жетекішілігіммен жаттықты. Егер осы жас аралығында аяқдопшының дайындығы мен бағыты қате таңдалса, онда оның болашақта үздік ойыншы болуы екіталай, - деді бапкер.
Абдукодир Хусановты жеке танитын тағы бір жаттықтырушы, футбол агенті Даврон Эргашев бүгінгі «Манчестер Сити» ойыншысы бала кезінен өзінің кәсіби шеберлігін ұштауға ерекше мән бергенін атап өтті.

- А.Хусановтың мінезі тұйық болатын. Ол дайындықтан ешқашан қашпайды, үнемі уақытылы келеді. Жаттықтырушы қойған тапсырманы барынша тиянақты әрі сапалы орындауға тырысатын. Тік сөйлеп, эмоцияға ерік бергенін көрген емеспін. Қандай да бір тактиканы немесе әдісті толық игергенге дейін тоқтаусыз еңбек ететін, - деп пікір білдірді Даврон Эргашев.
Абдукодир Хусановтың футболды таңдауына және оның кәсіби ойыншы болып қалыптасуы жолында әкесінің орны ерекше. Хикмат Хашимовтың өзі кезінде Өзбекстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен.

- Абдукодир Хусанов спортшылар отбасында дүниеге келді. Оның болашағына осы әсер етсе керек. Хикмат Хашимов кәсіби футболшы және жаттықтырушы ретінде ұлына дұрыс нұсқау беріп, «Энергетик-БГУ» командасына ауыстырды. Бұл - Абдукодир Хусановтың болашағына жол ашқан маңызды шешім деп санаймын. Енді соның нәтижесіне бәріміз куә болып отырмыз, - деп пікір білдірді А.Ибрагимов.
Алишер Ибрагимов жаттықтырушылық қызметінен қол үзген емес. Бүгінде ол Ташкенттегі футбол клубтарының бірінде Абдукодир Хусановтың ізбасарларын баптаумен айналысып келеді.

- Бұрын өзбекстандық жастар Криштиану Роналду сынды боламын десе, қазір барлығы Абдукодир Хусановтың дәрежесіне жетуді армандай бастады. Маған осындай үздік футболшыны жаттықтыру бақыты бұйырды, оған өте қуаныштымын. Бұл тек менің емес, жалпы Өзбекстанның мақтанышы. Абдукодир Хусановқа еліктеп өсіп келе жатқан бүлдіршіндер болашақта жоғары нәтижеге қол жеткізеді деп сенемін, - дейді ол.
Сұхбат барысында А.Ибрагимов шәкіртінің жетістігінен бөлек, өзбек футболының дамуына қатысты да пікір білдірді. Өзбекстан бұл спортқа миллиардтаған қаражат бөлмейді. Пайдасыз легионерлерге ақша шашпайды. Жас таланттар кішігірім жекеменшік мектептерден шығады.

- Ұлттық құрамадан жақсы нәтиже күту үшін ең алдымен балалар футболына ерекше мән беру керек. Мына мектепті әдейі қаланың шет жағынан аштық. Себебі таланттардың көбі ауыл аймақтардан шығады деген тәмсіл бар. Бірер жылда бұғаналарын қатырып, үлкен футболға шығарамыз. Бізде қазір буын ауысты. Өзбек футболының болашағы зор, - деп тоқталды.
Көрші елдің ұлттық құрамасы 2026 жылы АҚШ, Мексика, Канада бірігіп өткізетін әлем чемпионатына баруға бір табан жақын тұр. Команда ойыншылары әлемнің үздік клубтарында доп тебеді. Тарихи сәтті көрші ел асыға күтеді.

- Соңғы жылдары шетелдерде өзбек футболшыларына сұраныс артты. Себебі біздің жігіттер көп ақшаға қызықпауды, қиындықтан қорықпауды үйренді. Аз қаражатқа ойнап, өзіңді дәлелдеп, үлкен клубқа жолдама алуға болатынын түсінді. Бұл ретте Абдукодир Хусановты үлгі ретінде қарауға болады, - дейді футбол агенті Даврон Эргашев.

Айта кетейік, жалғыз Хусанов емес, бүгінде Еуропа мен Азияның түрлі клубтарында 40-тан астам өзбекстандық футболшы доп теуіп жүр.
Мәселен, Эльдор Шомуродов Италияның «Рома» командасында өнер көрсетеді. Ал қорғаушы Хусниддин Аликулов пен жартылай қорғаушы Азизбек Тургунбоев Түркия суперлигасындағы командалардың белді ойыншылары саналады.
Ресейде де бірнеше өзбекстандық ойнап жүр, соның ішінде басты жұлдыз - Азияның үздік жас футболшысы атанған Аббосбек Файзуллаев. Ол Мәскеудің «ЦСКА» клубында өнер көрсетеді.
Өзбекстандық футболшы Хусанов Манчестер-Ситиде ойнауы мүмкін екенін жазған болатынбыз.