Өзбекстан 2026 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы мүмкін

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болуы туралы шешім 2026 жылы мақұлдануы ықтимал, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 2026 жылы қосылуы мүмкін
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Өзбекстан президентінің ДСҰ мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Азизбек Урунов мәлімдеді.

— Шешім түпкілікті, 2026 жылға дейін де көп уақыт қалмады, — деп жазды А.Урунов өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Айта кетейік, 18-19 ақпан аралығында ДСҰ Бас кеңесінің отырысы өтті. Оның барысында келер жылы 26-29 наурызда Камерунда өтетін саммитке дейін Өзбекстан, Эфиопия, және Босния-Герцеговинаның ұйымға қосылуын мақұлдау ұсынысы көтерілді. Бастамаға қатысты ДСҰ-ның 26 мүшесі сөз сөйлеп, оның 16-сы ресми Ташкентке қолдау білдірді.

Егер Өзбекстан ұйымның толық мүшесі атанса, онда оған уақыт беріледі. Ол кезеңде мемлекет салық саясатын ДСҰ талаптарына сәйкестендіруі керек.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлыбритания Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылуы үшін техникалық көмек көрсетеді.

Еске салайық, таяуда президент Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу процесі аяқталуға жақын екенін мәлімдеп еді.

Бұған дейін ДСҰ-ға қосылу бойынша Өзбекстан АҚШ және Қытаймен арада өткен келіссөздерді қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар