Өзбекстан азаматы Түркиядағы жер сілкінісі кезінде көз жұмды

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Түркиядағы жер сілкінісі кезінде Өзбекстан азаматы қаза тауып, тағы төрт өзбекстандық хабар-ошарсыз кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстан азаматы Түркиядағы жер сілкінісі кезінде көз жұмды

«Түркияның Малатия провинциясында зілзаладан Өзбекстан азаматы көз жұмған. Сонымен қатар 4 өзбекстандық із-түзсіз жоғалғандар тізімінде. Олардың тұрған жерін анықтау бойынша іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде», - делінген Өзбекстан ведомствосының хабарламасында.

Бұған дейін хабарланғандай, Өзбекстан Түркияға 60 құтқарушы жіберді. Құтқарушылары 10 мыңнан астам өзбек тұратын Хатай ауданы Овакент ауылында іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуде.

Соңғы мәлімет бойынша Түркиядағы екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5834-ке жетті, 34 810 адам жарақат алды.


Фото: Anadolu