Өзбекстан экономикасының 5 млрд доллардан аса қаражаты көлеңкеде қалып отыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл қаңтар-маусым аралығында Өзбекстанның ішкі жалпы өнімі 7,2 пайызға өсіп, оның көлемі 807,9 трлн сумды (шамамен 64,5 млрд доллар) шамалады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан экономикасының 5 млрд доллардан аса қаражаты көлеңкеде қалып отыр
Фото: spot.uz

Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, алғашқы жартыжылдықта бақыланбайтын экономиканың көлемі 265,5 трлн сумға (21,2 млрд доллар) жетті. Бұл мөлшер ішкі жалпы өнімінің 32,9 пайызына теңелді және қаңтар айындағы деректермен салыстырғанда 0,9 пайызға көп.

Бұл ретте көлеңкелі экономиканың үлесі азайып келеді. Яғни, қаңтарда ол ішкі жалпы өнімнің 8,4 пайызына жетсе, алты айдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 8 пайызға дейін төмендеді. Тиісінше, қазір 64,2 трлн сум (5,1 млрд доллар) көлеңкеде қалып отыр.

Бұл - халықтың бейресми кәсібін заңдастыруға белсенді кіріскенін және үкімет тарапынан қабылданған шаралардың нәтиже бере бастағанын аңғартады.

Ведомствоның ақпаратына сай, қаражатын есепке алу мүмкін болмай тұрған секторлардың көшін ауыл, орман және балық шаруашылықтары бастап тұр. Одан кейінгі үлес құрылыс, қызмет көрсету және өнеркәсіп салаларына тиесілі.

Нақтылай кетейік, бақыланбайтын экономика - бұл статистика органдары толық есепке ала алмай отырған айналымдағы қаражат. Оған бейресми және көлеңкелі экономика кіреді.

Еске салайық, былтыр Өзбекстанда бақыланбайтын экономиканың көлемі 505 трлн сумнан (шамамен $38,9 млрд) асқан еді.

Сонымен қоса, 2023 жылы көлеңкелі экономикадан Өзбекстанның мемлекеттік бюджетіне $2,4 млрд залал келді.

Былтыр Өзбекстанның Экономика және қаржы министрі Джамшид Кучкаров елдегі көлеңкелі экономиканың көлемі жалпы ішкі өнімнің 25-тен 45 пайызына дейінгі аралықта екенін мәлімдеп еді.

Соңғы жаңалықтар