Өзбекстан Каспий теңізінің түбімен тартылатын байланыс желісіне қосылуға ниетті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Каспий теңізінің түбімен Қазақстаннан Әзербайжанға тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылуға мүдделі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Каспий теңізінің түбімен тартылатын байланыс желісіне қосылуға ниетті
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Бұл туралы «Oʻzbekiston 24» телеарнасына сұхбат берген саудиялық DataVolt компаниясының атқарушы директоры Раджит Нанда мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған байланыс желісіне қосылу интернет-трафиктің балама бағытына ойысуға мүмкіндік береді.

- Біз қазіргі уақытта Қазақстаннан Әзербайжанға Каспий теңізінің түбімен тартылатын байланыс желісіне қосылу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Жоба Өзбекстан үшін үлкен стратегиялық және экономикалық маңызға ие. Бұл байланыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елге миллиардтаған пайда әкелуі мүмкін, - деді Раджит Нанда.

Еске салайық, кеше Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкеженов Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің түбінен «жасыл» энергия кабелін төсеу жобасының дайындық барысын баяндаған еді. Сондай-ақ, бұл жобаны іске асыру үшін 1 100 тонна кабель қажет.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр мамырда Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжанның энергетика министрлері Каспий теңізінің астымен электр кабелін тарту жобасын іске асыру меморандумына қол қойды.

Соңғы жаңалықтар