Өзбекстан мен Ресей әскери саладағы стратегиялық әріптестік бағдарламасын қабылдады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ресей мен Өзбекстанның қорғаныс министрліктері арасындағы ынтымақтастық жоспары мен әскери саладағы стратегиялық әріптестіктің 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Тиісті құжаттарға Ташкентте Ресей мен Өзбекстан әскери ведомстволарының басшылары Андрей Белоусов пен Шухрат Халмухамедов қол қойды.
— Қабылданған құжат әсіресе қазіргі халықаралық жағдайда зор маңызға ие. Ресей мен Өзбекстан басшылары екі елдің күш құрылымдары арасындағы байланысты нығайтуға аса көңіл бөледі. Біздің бірлескен жұмысымыз Орталық Азия өңірінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді, — деді Андрей Белоусов қол қою рәсімі барысында.
Ресей мен Өзбекстанның қорғаныс министрліктері арасындағы ынтымақтастық жоспары аясында бірлескен 50 іс-шараны жүзеге асыру көзделген.
Еске салйық, таяуда Өзбекстан мен Ресей ғалымдары зорлық-зомбылықты анықтайтын нейрондық желі жасап шығарды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады.
Таяуда Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.