Өзбекстан өз спутнигін 2028 жылға дейін ғарыш кеңістігіне шығармақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан өзінің ғылыми-техникалық жерсерігін 2028 жылға дейін ғарышқа ұшыруды жоспарлап отыр. Мұны Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген «Өзбекғарыш» агенттігі директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов айтты.

Мухиддин Ибрагимов
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- Биыл біздің елден 7 студент Жапонияның Кюсю технологиялық институтына магистратураға оқуға жіберіледі. Оларға мына міндет жүктеледі: білім алу барысында спутниктің жобасын әзірлеу, оны құрастыру және жерсерікті ғарыш кеңістігіне шығару. Егер біздің студенттер биыл оқуын бастаса, 2027 жылға қарай олар оны тәмамдайды. Осы ретте спутникті ғарышқа ұшыру үшін компаниялармен келісім жасау керек екенін түсінуіміз қажет. Біздің жоспарға сәйкес, Өзбекстан өзінің жерсерігін 2028 жылға дейін ғарыш кеңістігіне шығарады, - деді Мухиддин Ибрагимов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта өзбек тарапы SpaceX компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр.

- Әлем елдері өз спутнигін ғарышқа шығару уақытын алдын-ала белгілеп, тапсырыс беріп қойған. Атап айтқанда, мерзімдер 2-3 жылға бұрын бекітілген. Бұған қоса зымырандарды ұшыру көлемі шектеулі. Сондықтан бұл мәселені де ескеру керек, - деді Мухиддин Ибрагимов.

Еске салайық, биыл сәуірде Өзбекстан Илон Масктің SpaceX компаниясымен бірлесіп, ғарышқа спутник ұшыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазып едік.

Сонымен қатар жыл басында Мухиддин Ибрагимов Өзбекстан ТМҰ-ға мүше елдермен бірлесіп ғарышға спутник ұшыратынын айтып еді.

Қоса кетсек, былтыр Өзбекстан ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылған еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті.

Соңғы жаңалықтар