Өзбекстан Палестинадағы соғыста зардап шеккен балалар мен әйелдерді бейтарап емдеуге дайын – Мирзиёев
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Палестина мәселесі бойынша кезектен тыс араб-ислам саммитінде сөз сөйледі. Өзбекстан басшысы Палестинадағы қақтығыстағы соғыс қимылдарын тоқтату және қауіпсіз гуманитарлық дәліздермен қамтамасыз ету БҰҰ-ның тұрақты назарында болуы тиіс екенін және Өзбекстан зардап шеккен палестиналық балалар мен әйелдерді қабылдауға дайын екенін атап өтті. Бұл мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

– Өкінішке орай, 2023 жылы Эр-Риядта өткен тарихи кездесуден кейін бұл әділетсіз және қанды соғыстың ауқымы кеңейді, – деді Өзбекстан президенті.
Мирзиёев әлемдік қауымдастықтың әрекеттері мен үндеулеріне қарамастан, халықаралық нормалар мен қарарларды өрескел бұзу жалғасып жатқанын баса айтты. Соғыстың қазір Ливан аумағына жайылғаны әлемді дүр сілкіндірген.
– Ең сорақысы, барлығымыз куә болып отырғандай, бұл қайғылы оқиға халықаралық аренада екі түрлі стандарт негізінде қарастырылуда. Ал бұл соғыстың кең таралу ықтималдығын күрт арттырады, халықаралық қауіпсіздікке елеулі нұқсан келтіреді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстан президенті республиканың «Палестина-Израиль проблемасын бейбітшілік пен дипломатия арқылы шешуге бағытталған барлық практикалық бастамаларды толық қолдайтынын» атап өтті.
– Осыған байланысты бүгінгі саммитімізде ортақ саяси ерік-жігер мен бірлікті көрсетіп, жаһандық және аймақтық деңгейде тиімді тетіктер мен нақты шешімдерді әзірлеп, оларды тез арада жүзеге асырамыз деп ойлаймыз, – деді ол.
Әңгіме, ең алдымен, БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесінің осы көпжылдық шиеленісті шешудегі рөлі мен ықпалын түбегейлі арттыру туралы болып отыр, деп қосты Президент.
Шавкат Мирзиёев 15 қарашада Палестина халқы өзінің ұлттық мерекесін, Палестина мемлекетінің жарияланған күнін тойлайтынын еске салды.
– Ежелгі және бай тарихы бар бұл халықтың 1967 жылғы шекарасында астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз және еркін мемлекет құруға толық құқығы бар екеніне сенімдімін. Осыған байланысты біз Сауд Арабиясының бастамасымен құрылған екі мемлекетті шешім жолындағы жаһандық альянстың қызметін толық мақұлдаймыз, – деді Өзбекстан басшысы.
Шавкат Мирзиёев соғыстан зардап шеккен палестиналық балалар мен әйелдерді Өзбекстандағы емханаларда тегін емдеуге дайынбыз деді.
– Біз Палестина халқына практикалық көмек көрсету мәселелерін келесі жылы Самарқандта өтетін «Шығанақ араб мемлекеттері – Орталық Азия» саммитінде талқылауға ниеттіміз, – деді Мирзиёев.
Сонымен қатар, Өзбекстан басшысы Ислам Ынтымақтастық Ұйымы аясында Құддуста әл-Ақса мешіті мен басқа да бірегей тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтауға үлкен көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.