Өзбекстан президенті Газадағы жағдайға қатысты пікір білдірді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкент халықаралық инвестиция форумында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Газадағы жағдайға алаңдаулы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан президенті Газадағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

— ХХІ ғасырда біздің көз алдымызда көптеген жазықсыз адамдардың ажал құшып жатқанын ешқандай себеп не жағдай ақтай алмайды. Бұл қақтығыстың жалғыз шешімі — БҰҰ Жарғысы және халықаралық құқық талаптары арқылы әділ реттеу. Палестина халқы өзінің тәуелсіз мемлекетіне ие болуға хақылы, — деді Ш. Мирзиёев.

Сонымен қатар Өзбекстан президенті Украинадағы жағдай төңірегінде басталған келіссөздер нәтиже беретініне сенім білдірді.

— Украина айналасындағы жағдай тек дипломатиялық жолмен шешілуі керек. Осы ретте өзбек тарапы Ресей мен Украина арасында басталған келіссөздерді құптайды, — деп тоқталды көршілес ел президенті.

Шавкат Мирзиёев аймақтағы ахуал жайлы айта келе, Ауғанстандағы жағдайға назар аударды. Ол ресми Кабулды халықаралық аренадан оқшау қалдыруға болмайтынын жеткізді.

— Біз бұл елдің қазіргі билігімен сындарлы диалог жүргізіп, Ауғанстанның оқшаулануына жол бермеу аса маңызды деп санаймыз. Аталған мемлекетте бейбітшіліктің орнауы және оның экономикалық ілгерілеуі барлық іргелес елдердің ұзақ мерзімді дамуы үшін қажетті фактор, — деп атап өтті ол.

Шавкат Мирзиёевтің сөзінше, бүгінде халықаралық құқық нормалары мен дипломатияның күші әлсірей бастады. Өзбекстан басшысы адамзат үшін маңызды мәселелер кейінгі орынға сырғып, мемлекеттер қарулануға көшкенін атап өтті.

— Әлемде қарулану үрдісі қайта қарқын алды. Мәселен, ірі державалардың әскери шығындары 2010 жылдан бері 1,5 есе өсіп, 2,5 трлн долларға жетті. Бұл ретте жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсімі үшінші жыл қатарынан төмендеп барады, — деп мәлімдеді Өзбекстан президенті.

Еске салайық, қазіргі уақытта Өзбекстан астанасында Ташкент халықаралық инвестиция форумы өтіп жатыр. Іс-шараға 3 мыңнан аса шетелдік мәртебелі мейман қатысып отыр. Бірер сағат бұрын көршілес елге Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен келіп, форумда сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар