Өзбекстан топырағын жоғары деңгейде тұз басқан әлемдегі 10 елдің қатарына енді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – «Өзбекғарыш» агенттігі топырағы тұзданған жерлерді ғарыштан анықтау тәжірибесін жолға қояды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

- Бастапқы кезеңде Джизак облысындағы 90 егіс алқабына мониторинг жүргізіледі. Онда спутниктен алынған суреттерге талдау жасалып, топырақтың тұздылық деңгейі анықталады. Кейін деректер арнайы орталықтарда зерттеледі, - делінген «Өзбекғарыш» агенттігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомстводан атап өткендей, мониторинг нәтижесінде алынған деректер негізінде республикадағы тұздану деңгейі жоғары жерлердің статистикасы әзірленеді. Кейін ақпарат диқандарға ұсынылады.
- Нәтижесінде ауыл шаруашығы мақсатындағы жерді пайдалану кезінде ресурстарды есеппен бөліп, жердің тұздану дәрежесіне қарай тиісті шаралар қабылдауға болады, - деп мәлім етті агенттіктен.
БҰҰ-ның былтырғы зерттеуіне сәйкес, Өзбекстан топырақ тұздылығы жоғары әлемдегі 10 елдің қаратына енді. «Өзбекғарыштың» мәліметінше, республика аумағында 1 746,6 мың гектар алқапты сортаң тартқан. Оның ішінде 65,2 мың гектарда тұздылық деңгейі өте жоғары саналады.
- Аралдың тартылуы нәтижесінде 5,5 млн гектардан астам жер тұздылық деңгейі өте жоғары шөлге айналды, - делінген хабарламада.
Еске салайық, келер жылы Өзбекстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлесіп ғарышға спутник ұшырады.
Таяуда көршілес ел ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылған еді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті.