Өзбекстан Түркі мемлекеттерінің өнеркәсіптік альянсын құруды ұсынды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммитінде экономика, инвестиция және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Сөз басында Шавкат Мирзиёев халықаралық аренадағы ұйым беделінің артып келе жатқанын атап өтіп, нақты нәтижелерге тоқталды.
- Ұйым жұмысы ең алдымен елдеріміз арасындағы саяси диалог, өзара сенім мен жан-жақты серіктестікті нығайтуға ықпал етті. Тиісінше, маңызды гуманитарлық бағдарламалар іске асты. Бүгінгі таңда ұйым аясындағы ықпалдастық 35 бағыт бойынша дамып келеді. 2030 жылға ТМҰ-ға мүше елдер арасындағы өзара сауда айналымы екі есе өсуі мүмкін екенін болжап отырмыз, - деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстан басшысы осы серіктестікті бекемдей түсудің маңызын айта келе, Түркі инвестициялық қоры аясындағы жоспарларды келісетін Экономикалық әріптестік жөніндегі тұрақты кеңес құру бастамасын көтерді.
- Бұл құрылымды премьер-министрлердің орынбасарлары басқаруы керек деп есептейміз. Ол формат тұрақты негізде жұмыс істеуі қажет. Біз кеңестің жобалық кеңсесін Ташкентте орналастыруға дайынбыз, - деп мәлім етті Шавкат Мирзиёев.
Көршілес ел президентінің сөзінше, аталған кеңес аясында ұйымға мүше мемлекеттер бірқатар жаңа бастамаларды жүзеге асыра алады. Атап айтқанда, ол Түркі мемлекеттерінің өнеркәсіптік альянсын құру ұсынысын зерделеумен айналысады. Сондай-ақ, Шавкат Мирзиёев ұйым аясындағы көлік-логистикалық мәселелерді шешу қажеттігін айтты. Ол үшін елдер халықаралық транзит дәліздерін дамыту бағытында үйлестірілген саясат жүргізуі маңызды.
- Біз Орта дәлізді дамыту бойынша ұсынылған барлық жоспарды толық қолдаймыз. Ең бастысы, бұл дәліз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сонымен қатар ол бизнес қауымдастық үшін қолайлы жағдай ұсына алуы керек. Осыған байланысты оңтайлы тариф қолдану, көлік инфрақұрылымын жетілдіру және кедендік рәсімдерді цифрландыруға бағытталған жобаларға мән береміз, - деді Өзбекстан басшысы.
Аталған бастамалармен қатар, Шавкат Мирзиёев жасанды интеллект пен креативті экономиканы дамыту бойынша да бірқатар ұсыныс айтты.
- Осы бағыттардағы күш-жігерімізді біріктіру үшін «Жасанды интеллект және креативті экономика саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасын» қабылдауды ұсынамыз. Сондай-ақ, Өзбекстанда Түркі әлемінің Халықаралық көрмесін өткізу туралы бастама көтеріп отырмыз, - деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев.
Еске салайық, бүгін Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер президенттерінің 12-ші саммиті өтті. Оған қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның жұмысына серпін беретін тың бастамалар көтерді.