Өзбекстанда ер адам көлбар жыланды жеп қойды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Жызақта ер адамның тірі көлбар (Vipera Lebetina) жыланды жеп жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Бұл жағдайға қатысты Жызақ облыстық Экология басқармасы ресми жауап берді, деп хабарлайды Kazinform Жызақ облыстық Экология басқармасына сілтеме жасап.

Ер адамға Өзбекстан Республикасы Әкімшілік жуапкершілік туралы кодексінің тиісті бабы бойынша базалық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерінде айыппұл салынып, табиғатқа 1 миллион сумнан астам залал келтіргені анықталды.
Бұл оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары Жызақ облыстық Экология басқармасының Замин аудандық бөлімі және ішкі істер бөлімімен бірлесіп жүргізілген. Тергеу барысында бұл жайт азамат Қ.Х. тарапынан жасалғаны анықталды.
Осы әрекетімен азамат Өзбекстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 4, 30, 51, 53-баптарының талаптарын бұзған деп танылды.
Мемлекеттік инспекторлар азаматқа ӨР Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 90-бабының 1-бөлігі бойынша базалық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерінде (7,5 миллион сум – шамамен 580 АҚШ доллары) айыппұл салды.
Табиғатқа келтірілген шығын да 1 125 000 сумға (шамамен 83 доллар) бағаланды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Өзбекстанда питонды үйінде ұстаған азамат ұсталғаны жайлы жазған едік.