Өзбекстанда қазақ киносының күндері өтіп жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Өзбекстанда қазақ киносының күндері басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанда қазақ киносының күндері өтіп жатыр
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Екі елдің мәдени байланысын нығайтуға бағыталған іс-шара Ә.Науаи атындағы Ұлттық киноөнер сарайында өтіп жатыр. Қазақстанның өнер майталмандары 2 күн ішінде өзбекстандық көрерменнің назарына «Әміре», «Дос-Мұқасан» және «Паралимпиадашы» фильмдерін ұсынады.

– Мәдени байланыстарды үзбей, оны ары қарай дамыта түсу – өнер адамдарына жүктелген жауапты міндет. Естеріңізде болса біздің мақтанышымыз Нұрмұхан Жантөрин ағамыз «Өзбекфильмнің» көптеген туындысына түсті. Тәуелсіздік алғаннан кейін елдер арасындағы осы саладағы байланыс бәсеңдеп қалып еді. Ал қазір осы олқылықты жойып, тығыз ынтымақтастыққа бет алдық, - деді актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әлпейісов.

Өзбекстанда қазақ киносының күндері өтіп жатыр
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Іс-шараның алғашқы күні қазақтың біртуар тұлғасы, әнші Әміре Қашаубаев туралы «Әміре» фильмі көрсетілді. Жиналған қауым туындыны ерекше ықыласпен тамашалап, жоғары баға берді.

– Бұл фильмді 2016 жылы Латвияда түсіргенбіз. Туындыда көптеген шетелдік білікті маман төбе көрсетті. Кинода қазақтың біртуар тұлғасы Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері баяндалады. Енді осы фильмді өзбекстандық көрерменге ұсыну — біз үшін мәртебе. Осы арқылы тарихи тұлғалардың өнегесін насихаттай аламыз, - деп тоқталды қазақстандық актер Санжар Мәдиев.

актер
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

14 желтоқсанда Ә.Науаи атындағы Ұлттық киноөнер сарайында «Дос-Мұқасан» және «Паралимпиадашы» фильмдері көрермен назарына ұсынылады. Киноларды тамшалау тегін.

кино
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Еске сала кетейік, осыдан бір ай бұрын да өзбекстандықтар назарына қазақ кинолары ұсынылған болатын. Ол жолы іс-шара Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші Консультативтік кездесуі қарсаңында ұйымдастырылған.

Өзбекстанда қазақ киносының күндері өтіп жатыр
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қоса кетсек, бұған дейін Kazinform агенттігіне сұхбат берген өзбекстандық сарапшылар қазақ-өзбек ынтымақтастығы ықтимал қатерлерді бірлесе еңсеруге қауқарлы екенін мәлімдеп еді.

Соңғы жаңалықтар