Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Кейінгі 5 жылда Өзбекстанда шетелдік капиталмен жұмыс істейтін кәсіпорындардың саны 1,9 есе өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді
Фото: Kazinform

Ұлттық статистика комитетінің 1 желтоқсандағы дерегіне сай, Өзбекстанда шетелдік капиталмен 17 900 компания жұмыс істеп тұр.

Бұл ретте қытайлық кәсіпорындардың үлесі басым. 11 айда олардың қатары 1 516-ға көбейіп, жалпы саны 4 873-ге жетті.

Одан кейін 3 209 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда 2 109 кәсіпорын құрған.

Сонымен қатар, қазақстандық инвесторлардың да белсендігілі байқалады. Атап айтқанда, 11 айдың ішінде біздің ел Өзбекстанда 158 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 199-ға теңелді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығы салынуы ықтимал.

Еске салайық, биыл 9 айда Өзбекстан Қазақстаннан 2,4 млрд доллардың тауарын импорттады.

Соңғы жаңалықтар