Өзбекстанда қылмыс саны 2,3 есеге өсті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда соңғы 5 жылда тіркелген қылмыстар саны 2,3 есеге өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

қылмыс
Фото: Pexels

Өзбекстан Статистика агенттігінің мәліметінше, былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында елде 104 096 қылмыс фактісі тіркелген.

«Соңғы бес жылда (2019-2023 жж.) республика бойынша тіркелген қылмыстар санының 2,3 есеге өскені байқалды. Мәселен, 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 46 089 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы осы кезеңінде бұл көрсеткіш 104 096-ға дейін көбейді», - деп мәлім етті ведомстводан.

Агенттік дерегінше, 2021 жылы қылмыс деңгейі 1,8 есеге күрт өскен. Дегенмен кейінгі 2 жылда біртіндеп төмендеу байқалды. Атап айтқанда, былтыр қылмыстар саны 1,1%-ға азайды.

Өткен жылы 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыстың ең жоғары деңгейі Ташкент қаласында – 71,5, Ташкент облысында – 40,7, Сырдария облысында – 37,1 және Ферғана облысында (32,1 факті) анықталды. Ал ең аз көрсеткіш Хорезм облысында тіркелді. Онда 10 мың тұрғынға шаққанда жасалған қылмыстар саны 15,1 фактіні құрады.

«Қылмыстардың 43,8%-ы экономика, 24%-ы қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстар, 16,4%-ы билік, басқару органдарының және қоғамдық бірлестіктердің жұмыс істеу тәртібіндегі құқық бұзушылықтар, сондай-ақ 15,2%-ы жеке тұлғаға қарсы қылмыстар», - делінген агенттік мәліметінде.

Қоса кетсек, былтыр Өзбекстан экономикасына сыбайлас жемқорлықтан 120 млн доллардан астам шығын келді.

Соңғы жаңалықтар