23:07, 21 Мамыр 2025 | GMT +5
Өзбекстанда туу көрсеткіші төмендеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Өзбекстанда туу көрсеткіші 3 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ұлттық статистика комитетінің мәліметіне сай, биыл қаңтар-сәуір айлары аралығында республика бойынша 266 478 нәресте дүниеге келген. 136 мыңнан астам сәби - қалаларда, ал 130,4 мыңы ауылдарда туған.
Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 мыңға аз. Былтыр қаңтар-сәуір аралғында Өзбекстанда 274,5 мың нәресте дүние есігін ашқан.
Тоқтала кетейік, Ұлттық статистика комитетінің 21 мамырдағы мәліметінше, Өзбекстан халқының саны 37 млн 775 мың 810 адам.
Қоса кетсек, БҰҰ-ның болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Өзбекстан халқының саны 40 миллионға, ал 2100 жылға қарай 74,2 миллион адамға жетуі ықтимал.