Өзбекстандағы аудандық мешітте болған жарылыстың себебі анықталды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Андижан облысындағы мешітте үш адамның өмірін қиған жарылысқа газдың шығуы себеп болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

— Ізбасқан ауданындағы мешіттің дәрет алуға арналған ғимаратында болған жарылысқа газдың шығуы себеп. Атап айтқанда, жертөледе орналасқан жылыту құрылғысына жалғанған құбыр зақымданған. Салдарынан бөлме ішіне табиғи газ жиналып, артынша электр жарығы қосылған уақытта жарылыс болды, — деп мәлім етті Андижан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Аталған факті бойынша «Билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану» және «Адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Еске салайық, 31 наурызда Өзбекстанның Андижан облысындағы аудандық мешітте жойқын жарылыс болды. Оның салдарынан 3 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алды.