Өзбекстанның алтын валюта резервтері 2,37 млрд долларға қысқарды

алтын
Фото: pixabay

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Өзбекстанның халықаралық валюта активтерінің құны 2,37 млрд долларға кеміді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстанның Орталық банкінен мәлім еткендей, 1 наурыздағы жағдай бойынша ресми резервтік активтер 34,56 млрд доллардан 32,19 млрд долларға дейін қысқарған. Яғни, қаңтар-ақпан айларында ол 2,37 млрд долларға азайып отыр.

Реттеуші органның мәліметінше, халықаралық резервтер көлеміндегі өзгеріс әдетте қаңтар-ақпан айларында болатын маусымдық үрдіс.

«Жыл басындағы мөлшермен салыстырғанда халықаралық резервтер көлеміндегі өзгерістер маусымдық сипатқа ие және әдетте қаңтар-ақпан айларында байқалатын қалыпты үрдіс. Сондай-ақ, бұл динамикаға 2019 жылы айналымға шығарылған еурооблигациялардың бір бөлігін өтеу де әсер етті», - деп мәлім етті Орталық банктен.

Сондай-ақ Өзбекстанның алтын резервтерінің құны да төмендеді. Атап айтқанда, ол 24,63 млрд доллардан 24,09 млрд долларға дейін арзандады.

Қоса кетсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның алтын валюта резервтері 1,2 млрд долларға кеміп, елдегі қымбат металдың көлемі шамамен 24,8 тоннаға азайған.

Жалпы былтыр қазан және қараша айларында Өзбекстан алтынды көп сатқан елдердің көшін бастаған болатын.

Статистика агенттігінің мәліметінше, өткен жылдың 11 айында Өзбекстан 8,15 млрд долларға бағаланған алтынды экспорттаған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп және өз кезегінде рекордтық көрсеткіш саналады.

Соңғы жаңалықтар