Өзбекстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министріне қатысты сот үкімі шықты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қылмыстық істер жөніндегі Мирабад аудандық соты Өзбекстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Азиз Воитовқа қатысты іске нүкте қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министріне қатысты сот үкімі шықты
Фото: ӨР Заң шығару палатасының баспасөз қызметі

Үкімге сәйкес, экс-министр қылмыстық кодекстің 167-бабы 3-бөлігі бойынша («Аса ірі мөлшердегі қаражатты заңсыз иемдену немесе жымқыру») кінәлі деп танылды. Шығындардың толық өтелгенін ескере отырып, оған 3 жыл мерзімге түзеу жұмыстарына тарту жазасы тағайындалып, 400 базалық есептік шама (7,1 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, ол 3 жыл басшылық лауазымдағы қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

Тоқтала кетейік, экс-шенеунік 2023 жылы қазанда қызметінен босатылып, сол жылдың желтоқсанында қамауға алынған болатын. Оған қатысты сот отырысы былтыр 5 қыркүйекте басталған.

Азиз Воитов 2020 жылдың наурызынан бастап Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің бірінші орынбасары лауазымында еңбек етті. Кейін, яғни 2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың қазанына дейін Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды.

Еске салайық, былтыр Өзбекстанда қылмыстық жауапқа тартылған лауазымды тұлғалардың саны 37,2%-ға өсті. Тиісінше, жемқор шенеуніктер мемлекетке $278,3 млн залал келтірді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда жемқорлыққа бейім келетін шенеуніктерді ерте анықтау тәжірибесі енгізілмек.

Сонымен қатар, былтыр көршілес елде экономиканың дамуына селқос қараған 300-ге жуық шенеунік жұмыстан босатылды. Мұнымен бірге, Өзбекстанда инвестиция тарту ісінде олқылыққа жол берген бірқатар жоғары лауазымды шенеунік қызметін босатқан болатын.

Сондай-ақ, биыл наурызда Өзбекстан президенті жемқорлықпен күреске жауапты 117 шенеунікті қызметінен босатуды тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар