Өзбекстанның Орталық банкі базалық мөлшерлемені көтерді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Орталық банкінің басқармасы мөлшерлемені жылдық 0,5 пайызға көтеру шешімін қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанда базалық мөлшерлеме 13,5% деңгейінде болған еді. Тиісті шешім инфляция тәуекелдерінің сақталуына және сұраныс көлемінің артуына байланысты қабылданып отыр.
Орталық банктен атап өткендей, жыл басынан бері жанармай, коммуналдық төлем, көлік, білім беру және медициналық қызметтер бағасы өсті. Мәселен, ақпанда жүргізілген сауалнама нәтижесіне сай, халық инфляцияны 15,3% деңгейінде деп бағаласа, кәсіпкерлер оның мөлшері 13,8% шамасында екенін алға тартуда.
— Инфляцияны тежеу және сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімді сақтау ақша-несие саясатының шарттарын қатаңдатуды талап етеді, - делінген Орталық банктің хабарламасында.
Еске салайық, кейінгі рет Өзбекстанның Орталық банкі былтыр қазанда базалық мөлшерлемені 13,5% деңгейінде сақтап қалу шешімін қабылдаған еді.
Қоса кетсек, биыл 7 наурызда ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтерген болатын.