Өзбекстанның ішкі жалпы өнім көлемі 145 млрд доллардан асты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл Өзбекстанның ішкі жалпы өнім көлемі алғаш рет 145 млрд доллардан асты. Бұл туралы жыл қорытындысы бойынша халыққа және парламентке арнаған Жолдауында көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өзбекстанның ішкі жалпы өнім көлемі 145 млрд доллардан асты
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

— Биыл Өзбекстанның ішкі жалпы өнімі тұңғыш рет 145 млрд доллардан асты. Ел экспорты 23%-ға артып, 33,4 млрд долларға жетті. Сондай-ақ, мемлекетіміздің алтын-валюта қоры 60 млрд доллардан асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі биыл 43,1 млрд долларға теңеліп, тарихи көрсеткішке жетті. Бұған дейін мұндай нәтижелер болмаған, — деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан басшысы 2030 жылға дейін үкімет алдына ішкі жалпы өнім көлемін 160 млрд долларға дейін жеткізу міндеті қойылғанын айта келе, аталған стратегиялық жоспарға өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді. Енді ресми Ташкент бұл межеге 5 жылдан кейін емес, келер жылы қол жеткізуге мүдделі.

— Егер біз дайын тауар көлемін арттырып, жоғары табыс әкелетін қызметтер қатарын көбейтіп, озық ауыл шаруашылығы технологиялары мен суды үнемдеу әдістерін белсенді қолдансақ, алдағы 5 жылда экономикамыздың көлемін 240 млрд доллардан асыруға мүмкіндік туады, — деп тоқталды Шавкат Мирзиёев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2026 жылы Өзбекстан үкіметі мемлекеттік бюджеттің 55% әлеуметтік салаға бағыттамақ.

Еске салайық, 1 қазандағы жағдайға сәйкес, Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 43,9 млрд долларға жетті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан көлеңкелі экономиканың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 29%-ға дейін төмендетуге ниетті. Таяуда Өзбекстан экономикасының 8,3 млрд доллардан аса қаражаты көлеңкеде қалып отырғанын жазып едік. Осылайша, ол ішкі жалпы өнімінің 33,3 пайызына теңеліп отыр.

Соңғы жаңалықтар