Президент еліміздің стратегиялық активін ашып көрсетті - сарапшы

 Мирас Жиенбаев
Фото: Kazinform

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында ішкі және сыртқы саясатта болып жатқан оқиғаларға жан-жақты баға беріп, Қазақстанның бүкіл саяси жүйесіне бағыт-бағдар көрсетті. Мұндай пікірді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Мирас Жиенбаев білдірді. Ол сұхбатты «прогресс және жаңарту: 2024 жылдың күн тәртібі» деп атады.

Қазақстандық үлгі

Сарапшы Президент қозғаған тақырыптарға жеке-жеке тоқталды. Оның айтуынша, 2022 жылы болған қаңтар оқиғасы еліміздің саяси үлгісін жаңартты, қоғам мен мемлекет ілгері басты. Бұл — қазақстандық үлгі.

«2024 жылы не күтіп тұрғанын ешкім білмейді: әлемнің түкпір-түкпірінде сайлаулар кезеңі басталады және халықаралық саясатта күтпеген жағдайлар аз болмайды. Соған қарамастан, еліміз жаңа жылға үлкен оптимизммен, сарқылмас күш-қуатпен, сындарлы сыртқы саяси күн тәртібімен және жаңартылған саяси үлгімен қадам басты. Қантар оқиғасының болғанына екі жыл болды… Саясаттану ғылымы белгілі бір параметрлер бойынша мемлекеттерді топтарға жіктеп, саяси жүйелердің дамуын стандартты сценарийлер аясында модельдегенді жақсы көреді… Тарих оқулығы бізге наразылықтар мен билікті басып алу әрекеттерінен кейін саяси жүйе консервация мен билікті сақтап қалуға бейім болатынын үйретеді. Бірақ Қазақстандағы жағдай керісінше болды: қаңтарға жауап мемлекет пен қоғамның ілгерілеу қабілетін көрсетті. Бұл Қазақстанның саяси дәстүрінің ерекшелігі», — деді Мирас Жиенбаев.

Институттардың трансформациясы

Саясаттанушының сөзінше, еліміз өткен жылы негізгі кешенді саяси реформаларды аяқтады.

«Мемлекет өзгерістерге қабілетті екенін және мемлекеттік билік институттарын нығайтуға бейімділігін көрсетіп жатыр. Қалай дегенмен, бүгінде түбегейлі басқа Президент институты, өкілеттігі кеңейтілген Парламент палаталары және жаңартылған Үкімет бар. Өзгеріс — айтарлықтай ұзақ процесс, бірақ бүкіл жүйені қайта конфигурациялау және күшті институттарға бағыт — бұл заң үстемдігін, мемлекет пен оның азаматтарын қорғаудың маңызды қадамы. Мемлекеттік құрылыс та — „ұзақ ойын“, өйткені қазір бізге түсінікті кезеңде өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, бұл саяси институттар 10 және 100 жылдан кейін өмір сүретін болады, яғни бүгінде қаланып жатқан іргелі принциптер бізге жаһандық өзгерістер дәуіріндегі даму мемлекеттерінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп қосты Мирас Жиенбаев.

Қоғамның дамуы

Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысы сұхбатта қоғам, ұлттық құндылық және демографиялық құрылымға айрықша тоқталды.

«Кез келген мемлекеттің түпкі жетістігі — оның әрбір азаматының күнделікті тынымсыз және қажырлы еңбегі. Сұхбаттың маңызды тұстары: біз өзімізді озық қоғам, ұлттық құндылықтарға берік, демографиялық құрылымы жағынан жас және жалпы, болашағына сенімді халықпыз деп бағалаймыз. Мемлекетіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен мемлекет құру тәжірибесіне сүйене отырып, біз кері шегінуге, тоқырауға жол бермей, алға жылжуды жалғастырамыз», — деді сарапшы.

Қазақ дипломатиясы - елдің стратегиялық активі

Саясаттанушы 2024 жылы Қазақстан бірнеше негізгі халықаралық ұйымдарға қатар төрағалық ететін маңызды кезеңге аяқ басқанын атап өтті.

«Іс жүзінде біз халықаралық құқық нормаларын ұстанамыз, бүгінде диалог және көпжақты дипломатия кеңістігі сақталған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі болып қалып отырмыз. Бірнеше онжылдық бұрын осындай жағдай Женеваға халықаралық ұйымдардың көпшілігі мен БҰҰ кеңсесінің штаб-пәтері орналасқан әлемдік дипломатияның астанасы болуға мүмкіндік берді. Мұның Астанаға қазіргі жағдайда не әкелетінін әлі де алда көре жатармыз. Қалай болғанда да, біздің сыртқы саясатымыз сарқылмас таңғажайып күшін  көрсетіп отыр және бүгінгідей өзгерістер әлемінде туындайтын жаңа мүмкіндіктер қазақстандық дипломатияның қызметі үшін қосымша кеңістікке жол ашады. Ал бұл — Қазақстанның аса маңызды стратегиялық активі, оны біз өзіміздің ұлттық даму мақсаттарымызды жүзеге асыру үшін пайдаланамыз», — деп болжады сарапшы.

Мирас Жиенбаевтың айтуынша, осы жыл әлемге және Қазақстанға не әкелетініне қарамастан, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы, дамудың жаңа мүмкіндіктерін жасай білу және ілгерілеу мен жаңаруға түбегейлі ұмтылыс — оптимизмнің маңызды факторлары болып қала береді.

Президент сұхбатында сыртқы саясатқа айрықша тоқталған болатын.

Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Еске салайық, 2024 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне көлемді сұхбат беріп, өткен жылдардағы елдегі атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы стратегиясын бөлісті.

Айта кетейік, Президенттің сұхбатына қатысты бірқатар сарапшы пікір білдірді. Соның ішінде саясаттанушы Данияр Әшімбаев Президент сұхбатында біраз сын айтып, түйткілді мәселелерді ашық әрі нық көрсеткенін атап өтті

Соңғы жаңалықтар