Пәкістан алғаш рет АҚШ-тан мұнай импорттамақ
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның ең ірі мұнай өңдеу компаниясы – Cnergyico 2024 жылдың қазан айында West Texas Intermediate (WTI) маркалы 1 миллион баррель америкалық мұнай импорттамақ. Бұл туралы AZƏRTAC хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, шикізат партиясы жаһандық Vitol трейдері арқылы сатып алынған. Бұл туралы Reuters агенттігіне Cnergyico компаниясы басшысының орынбасары Усама Куреши мәлім етті.
— Бұл — Vitol компаниясымен жасалған ұзақ мерзімді келісіміміз аясындағы сынақ партиясы. Егер ол коммерциялық тұрғыда тиімді және қолжетімді болып шықса, біз ай сайын осындай бір партиядан импорттауға дайынбыз, — деді ол.
Мұнай келісімі АҚШ Президенті Дональд Трамптың Пәкістан экспортына қатысты баж салығын едәуір арттыру туралы мәлімдемесінен кейін бірнеше ай өткен соң жасалған. Осы мәлімдемеден кейін Исламабад пен Вашингтон арасында энергетикалық және сауда байланыстарын кеңейтуге күш салынғаны атап өтіледі.
Пәкістанның америкалық мұнайды алғаш рет сатып алуы ислам республикасының Таяу Шығыстағы дәстүрлі мұнай жеткізушілеріне тәуелділігінен маңызды түрде алшақтай бастағанын білдіреді. Мұнай — Пәкістанның импортындағы ең ірі бап. 2024–2025 қаржы жылы (30 маусымда аяқталған) ішінде мұнай импорты 11,3 млрд АҚШ долларына жетіп, ел импортының 20%-ы болды.
Айта кетелік Пәкістандағы муссон жауыны салдарынан 279 адам қаза тапқан еді.