Пәкістан делегациясы АҚШ-пен келіссөздерді жалғастыру үшін Иранға келді

АСТАНА. KAZINFORM — Исламабадта өткен келіссөздерден кейін Тегеран мен Вашингтон арасындағы байланыс делдалдар арқылы жалғасын тапты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Пәкістан делегациясы АҚШ-пен келіссөздерді жалғастыру үшін Иранға келді
Фото: x.com / @PakistanFauj

Сәрсенбі күні Пәкістанның жоғары деңгейдегі делегациясы АҚШ-пен келіссөздер процесін жалғастыру мәселесін талқылау үшін Иранға келді. Бұған дейін Ислам республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи жалғасып жатқан байланыстар аясында бұл делегацияны қабылдауға дайын екендерін мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, тараптар арасындағы хабар алмасу демалыс күндері Исламабадта өткен келіссөздер аяқталғаннан кейін пәкістандық делдалдар арқылы жалғасып жатыр.

— Жексенбі күні ирандық делегация Тегеранға оралғаннан бері Пәкістан арқылы бірнеше хабар алмасу жүзеге асты, — деді ол. — Бүгін біз келіссөздерді жалғастыру аясында пәкістандық делегацияны қабылдауымыз мүмкін.

Еске салайық, 12 сәуірде Пәкістан астанасында өткен АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер нақты келісімге қол жеткізілмей аяқталған еді. Тараптар ядролық бағдарлама мен соғысты тоқтату шарттары сияқты негізгі мәселелер бойынша келісе алмады.

Хабарларға қарағанда, делегацияны Пәкістан армиясының қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунир бастап келген.

Al Jazeera мәліметінше, ол Иранға АҚШ тарапынан жолданған хабарламаларды жеткізу және алдағы күндері Исламабадта өтуі мүмкін келіссөздердің жаңа кезеңінің параметрлерін үйлестіру үшін келген.

Осы орайда, AP және Reuters агенттіктерінің деректеріне сүйенсек, делдалдар 22 сәуірде аяқталатын қолданыстағы бітімді ұзарту бағытында жұмыс жүргізіп, сондай-ақ Ормуз бұғазы, ядролық бағдарлама және әскери шығындарды өтеу сияқты негізгі мәселелер бойынша ымыраға келуге талпынып жатыр. 

Ал Reuters хабарлауынша, АҚШ бітім режимін ұзартуға ресми түрде келіскен жоқ.

Сонымен қатар, Тегеранда диалогтың әлі де мүмкін екені атап өтілді. Иран СІМ мәлімдеуінше, тараптардың ұстанымдары жеткізіліп, назарға алынған, ал уранды байыту деңгейі мен сипаты мәселелері талқылау тақырыбы болып қала береді.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы қақтығыс аяқталуға жақын деп санайды.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер осы аптада қайта жандануы мүмкін.