Пәкістан Үндістанға қарсы ауқымды әскери операция басталғанын жариялады — БАҚ
Пәкістан «Баньян-уль-Марсус» («Берік қамал») атты кең ауқымды әскери операцияны бастағанын хабарлады. Бұл туралы Geo TV телеарнасы қауіпсіздік органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап мәлімдеді, деп жазды ВВС агенттігі.

Кейінірек операцияның басталғаны туралы ақпарат Пәкістан үкіметінің X (бұрынғы Twitter) желісіндегі ресми парақшасында да жарияланды.
БАҚ дереккөздеріне сүйенсек, бұл операция аясында Пәкістан армиясы Үндістан аумағындағы бірнеше стратегиялық нысаналарды көздеуде. Хабарламада үнді-ресейлік бірлескен кәсіпорын өндірген BrahMos атты аса жылдам зымырандарға арналған қойманың жойылғаны айтылған.
Сондай-ақ, дереккөздерге сәйкес, Пәкістан Үндістанның Удхампур және Патханкот әуе базаларына, армиялық бригада штабына және ірі әскери қоймаға соққы жасаған.
Бұған бірнеше сағат бұрын Пәкістан армиясы Үндістан тарапынан өз әуе базаларына зымыран шабуылы жасалғанын мәлімдеп, қарсы шаралар қолданатынын ескерткен болатын. Сол базалардың бірі — Нур Хан — астана Исламабадтан 10 шақырым жердегі Равалпинди қаласында орналасқан. Осыдан кейін ел аумағындағы әуе кеңістігі 10 мамыр күндізгі сағат 12:00-ге дейін жабылған.
Үндістандық ақпарат құралдары, соның ішінде Times of India газеті, Geo TV хабарлаған шабуылдар туралы әлі ресми ақпарат жариялаған жоқ. Сондай-ақ үнді билігі Пәкістан әуе базаларына жасалған шабуылдарға қатысты бұрынғы хабарламаларға түсініктеме бермеген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үндістан Пәкістанға соққы жасағанын жазған едік.
Үндістан мен Пәкістан соққыларын күшейте түсті, нтижесінде екі тарапта да қаза тапқандар саны артты.
Артынша Үндістанның Пәкістанға жасаған әуе шабуылынан қаза тапқандар саны 31 адамға жетті.
Пәкістан қорғаныс министрлігі екі ел арасындағы шиеленістің өршуі ядролық соғысқа әкелуі мүмкін екенін ескертті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты терең алаңдаушылық білдірді.