Пәкістанда тойға бара жатқан автобус өзенге құлап, 22 адам қаза тапты

ИСЛАМАБАД. KAZINFORM – Пәкістанның солтүстігінде тойға бара жатқан автобус өзенге құлап, кем дегенде 22 адам құрбан болған. Бұл туралы елдің құтқару қызметі хабарлады, деп жазады Dawn.

Пәкістан
Фото: dawn.com

Гилгит-Балтистанның Диамер ауданында үйлену тойына адамдарды тасымалдаған автобус өзенге құлап кеткені хабарланды. Іздеу кезінде тойы болғалы тұрған келін тірі табылған, ол түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған. 

Суға кеткендердің арасында әйелдер де бар. Полиция қызметкері өзеннен 16 мәйіт шығарылғанын, іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

Пәкістан президенті Асиф Али Зардари қаза болғандардың отбасы мүшелеріне көңіл айтты.

Мәліметтерге сәйкес, жол-көлік оқиғасы болған аумақта оқыс оқиғалар жиі орын алады. Қолайсыз ауа-райы, қиылыстар, кедір-бұдыр жолдар, кептелістер мен минималды жол қозғалысы ережелері апат қаупін арттырады.

Айта кетейік, бірер күн бұрын Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясына қарасты Кветте теміржол станциясында жарылыс ұйымдастырылып, кемінде 25 адам көз жұмған болатын.

Соңғы жаңалықтар