Пәкістанда жанкештінің шабуылынан 15 полицей қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM - Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясында жанкешті ұйымдастырған шабуыл салдарынан кемінде 15 полицей қаза тапты, деп хабарлайды Анадолы.
Тағы үш адам жараланған.
Dawn газетінің мәліметінше, жарылыс Банну округіндегі Фатех Кхел полиция бекетінде болған.
Жанкешті жарылғыш зат тиелген көлікті блокбекет маңында іске қосқан.
Шабуыл кезінде бекет аумағында 18 қауіпсіздік қызметкері болған.
Жарылыстан кейін қарулы топ бірнеше бағыттан қуатты қарудан полиция бекетіне оқ жаудырған.
Салдарынан блокбекет толық қираған.
Жақын маңдағы брондалған техника да жарамсыз күйге түскен.
Сонымен қатар айналадағы ғимараттарға елеулі зақым келген.
Оқиғадан кейін аудан ауруханаларында төтенше жағдай режимі енгізілді.
Соңғы жылдары Пәкістанда террорлық шабуылдар жиілеп кеткен.
Әсіресе Хайбер-Пахтунхва мен Белуджистан провинцияларында қарулы қақтығыстар жиі тіркеледі.
Бұл аймақтар Ауғанстанмен шектеседі.
Пуштундар мен белудждардың құқығын қорғаймыз деп мәлімдейтін қарулы топтар Пәкістанның қауіпсіздік күштері мен бейбіт тұрғындарға шабуыл жасап келеді.
Исламабад пәкістандық талибтер Техрик-е Талибан Пәкістан қозғалысының мүшелері Ауғанстан аумағында орналасқан деп есептейді.
Алайда Ауғанстан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр.
Ал Белуджистанда ең белсенді топтардың бірі — Белуджистанды азат ету армиясы.
Бұл ұйым провинцияны Пәкістан құрамынан бөліп шығуды және белудж халқына өзін-өзі басқару құқығын беруді талап етеді.
Осыған дейін Пәкістанда қарулы шабуыл салдарынан 7 адам мерт болғаны туралы жаздық.