Пәкістандағы муссон жауынынан қаза тапқандар саны 299 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанда маусым айынан бері жалғасып келе жатқан күшті муссон жауыны салдарынан қаза тапқандар саны 299 адамға жетті, деп жазды Анадолы.

Пәкістандағы муссон жауынынан қаза тапқандар саны 299 адамға жетті
Фото: Анадолы

Апат маусымның соңынан бері жалғасып келеді, көз жұмғандардың 140-ы – балалар.

PTV News мемлекеттік телеарнасы Пәкістанның Табиғи апаттарға қарсы ұлттық басқармасына (NDMA) сілтеме жасай отырып хабарлағандай, 26 маусымнан бастап жауған нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан 299 адам, оның ішінде 140 бала қайтыс болған, тағы 715 адам түрлі жарақат алған.

Басқарманың мәліметінше, табиғи апат әсер еткен өңірлерде 1676 үй зақымданған, олардың 562-сі толығымен қираған. Апат аймақтарынан 2889 адам эвакуацияланды, зардап шеккен өңірлерде гуманитарлық операциялар жалғасып жатыр.

Бұған дейін, 28 шілдеде NDMA жауын-шашын салдарынан 279 адамның қаза тауып, 676 адамның жарақат алғанын хабарлаған болатын.

Маусым мен қыркүйек аралығында Оңтүстік Азияға жыл сайын келетін муссондық нөсер жауындар жиі ірі табиғи апаттар мен қайғылы оқиғаларға себеп болады.

Ал Үндістанда муссон маусымында 2300-ден астам адам қаза болса, Непалда муссон маусымында 43 адам көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар