Пәкістандағы су тасқыны: қаза тапқандар саны 330-ға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанның солтүстігінде нөсер жауын салдарынан болған су тасқыны мен көшкіндерден қаза тапқандар саны 330-ға жетті, деп хабарлайды Geo News.

Іздестіру-құтқару топтары өткен түні лай көшкіні мен кенеттен болған су тасқынынан қираған үйлердің үйіндісінің астынан көптеген адамның мәйітін тапты.
Ресми деректерге сәйкес, қаза тапқандардың басым бөлігі Хайбер-Пахтунхва провинциясында тіркелген – 307 адам. Гилгит-Балтистан өңірінде - 12, Азад-Кашмирде 11 адам қаза болған. Сондай-ақ Хайбер-Пахтунхва провинциясында 32 адамның хабар-ошарсыз кеткені айтылды.
Метеорологтардың болжамынша, елдің солтүстігінде нөсер жауын 21 тамызға дейін жалғасады.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф төтенше аймақтарға дәрі-дәрмек, азық-түлік пен қажетті көмекті дереу жеткізуді тапсырды.
Еске салсақ, бұған дейін Үндістанның Кашмир аймағында болған су тасқынынан 60 адам қаза тауып, 80-ге жуық адам хабар-ошарсыз кеткені хабарланған еді.