Пәкістандық сәулетші Израильдің жоғары марапатынан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM - Пәкістанның тұңғыш әйел сәулетшісі Ясмин Лари Израильдің Газаға бағытталған шабуылдарына байланысты Израильдегі «Wolf» архитектуралық сыйлығын қабылдамады, деп хабарлайды TRT.

Марапат үшін «шексіз ризашылығын» білдірген Ясмин Лари «Газаға жасалып жатқан геноцидті» ескере отырып, үкіметтен тәуелсіз ұйым табыстағанымен де марапатты немесе ақшалай сыйлықты қабылдай алмайтынын мәлімдеді.
«Мен үшін кез-келген зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайды. Өмірімнің көп бөлігін, оның ішінде климаттық мигранттарды қоса алғанда, босқындарды қолдауға арнадым. Өкінішке қарай қазір Газа халқы тағдыры қиын босқынға айналды», - деді ол.
Пәкістандық сәулетші марапатты алудан бас тартқаннан кейін аталған сыйлық қытайлық сәулетші Тяньтянь Сюйге бұйырды. Сюй «Қытайдағы ауылдарды экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан өзгертетін сәулет жұмыстары» үшін марапатталды.
«Wolf» сыйлығы - 1978 жылдан бері беріліп келе жатқан халықаралық марапат. Ресми сайтында «Wolf сыйлығы ғылым мен өнерді адамзат игілігі үшін дамытуға үлес қосқан ғалымдар мен өнер қайраткерлерін құрметтеу үшін беріледі. Бұл марапат арқылы біз әлемді жақсартуға атсалысқан жаңашылдар мен көшбасшыларды дәріптейміз» деп жазылған. Әр санаттағы марапатқа диплом, құрмет медалі және 100 000 доллар кіреді.
Айта кетейік, Пәкістандық сәулетші Ясмин Лари ұзақ жылдар бойы табысы төмен қауымдарға тұрақты тұрғын үй мен экологиялық пештер ұсыну үшін еңбек етіп келеді. Ол 1941 жылы Пәкістанда туған. 15 жасында отбасымен бірге Лондонға қоныс аударған. Оксфорд Брукс сәулет мектебін бітіргеннен кейін, 23 жасында жұбайымен бірге Пәкістанға оралған. Лари балшық, әк және бамбук сияқты табиғи материалдарды пайдаланып, 50 000-нан астам экологиялық тұрақты баспана және 80 000-нан астам экологиялық пеш салды.
2007 жылы бамбукпен жұмыс істей бастаған ол Хайбер-Пахтунхва провинциясының Сват аймағындағы қақтығыстардан зардап шеккендерге арналған қоғамдық асүйлер салды. Кейінірек елді жайпаған су тасқындарынан кейін судың үстінде орналасқан қоғамдық орталықтар тұрғызды.
Оның жұмысы дәстүрлі гуманитарлық көмектен тәуелділікті азайту арқылы жергілікті қауымдастықтарды күшейтуді мақсат ететін «Barefoot Social Architecture» (Жалаңаяқ әлеуметтік сәулет) деп аталатын білім алмасу жүйесіне негізделген.
2023 жылы Лари гуманитарлық қызметтері үшін Британдық Корольдік Сәулетшілер Институты (Royal Institute of British Architects) тарапынан Корольдік Алтын медальмен марапатталды. 2020 жылы Лари «Jane Drew» сыйлығын иеленді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Израиль түрмесінде 45 жыл отырған палестиналықтың бостандыққа шығатыны туралы жазған болатынбыз.