Пәкістанның Пенджаб провинциясында су тасқыны қаупіне байланысты 25 мың адам эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның Пенджаб провинциясының шығысында кеше кешкісін болған қатты жауын-шашын мен өзендердегі су деңгейінің көтерілуінен туындаған су тасқыны қаупіне байланысты өңірден 25 мың адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Анадолы.

Пенджабтың Төтенше жағдайлар зардаптарын жою басқармасының (PDMA) бас директоры Ирфан Али Катхия Джалалпур-Пирвала қаласында су тасқыны қаупіне байланысты халықты көшіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Оның айтуынша, кеше кештен бері жоғары қауіп аймағында орналасқан аудандардан 25 мың адамды эвакуациялау аяқталған.
Катхия сондай-ақ провинцияның 25 ауданында 4,1 миллионнан астам адам және 4 мыңнан астам ауылдың су тасқынынан зардап шеккенін, ал 26 тамыздан бері табиғи апат салдарынан кемінде 56 адамның қаза тапқанын айтты.
Пәкістан тарихында алғаш рет Ченаб, Рави және Сатледж өзендері бір мезгілде арнасынан асып, мыңдаған ауылды су басты, миллиондаған адам апаттан зардап шекті.
4 қыркүйекте Пенджаб провинциясының ресми өкілі Набил Джавадтың мәлімдеуінше, өзендердегі су деңгейінің күрт көтерілуіне және су тасқынына себеп болған күшті муссондық жаңбыр салдарынан өткен айдан бері 1,8 миллион адам қоныс аударуға мәжбүр болған.
Пәкістанның Төтенше жағдайлар зардаптарын жою ұлттық басқармасы бұған дейін биылғы муссон маусымы 26 маусымда басталғаннан бері қаза тапқандар саны 910 адамға жеткенін мәлімдеген.
Биліктің айтуынша, биылғы су тасқыны 2022 жылғы апаттан кейінгі ең ірі зілзалаға айналды. Ол кезде 1700-ден астам адам қаза тауып, ел аумағының үштен бірі су астында қалған, ал келтірілген шығын көлемі 32 миллиард долларды құраған еді.
Бұған дейін Пәкістандағы су тасқыны салдарынан 100-ден астам адам із-түзсіз кеткенін де жазғанбыз.