Пәкістанның Пенджаб провинциясындағы су тасқыны: тағы жарты млн адам эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM —  Пәкістанның шығысындағы Пенджаб провинциясында күшті муссондық жауын-шашын салдарынан өзендер арнасынан тасып, су деңгейі қауіпті межеге жетті. Соңғы 24 сағатта тағы да жарты миллионға жуық адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді, деп хабарлайды Анадолы

Пәкістанның Пенджаб провинциясындағы су тасқыны тағы жарты млн адам эвакуацияланды
Фото: Анадолы

Жергілікті билік өкілі Набиль Джаведтің хабарлауынша, ең көп зардап шеккен өңірлер — Музаффаргарх пен Мултан қалалары. Соңғы екі аптада Рави, Сутледж және Ченаб өзендерінің тасуынан 3900 ауыл су астында қалды.

Осылайша, соңғы эвакуациялардан кейін бір ай ішінде үйлерін тастап шығуға мәжбүр болғандардың жалпы саны 1,8 миллионға жетті. Музаффаргарх, Наровал және Касур қалаларында уақытша шатырлы лагерьлер құрылып, онда азық-түлік пен ең қажетті заттар таратылып жатыр.

Жалпы алғанда, Пенджабта су тасқынынан 3,8 миллионнан астам адам зардап шеккен. Әкімшілік үйлерінен айырылғандарға көмек көрсететінін мәлімдеді.

Пенджабтың төтенше жағдайлар басқармасының (PDMA) бас директоры Арфан Али Катия мыңдаған құтқарушы көмек көрсетуге жұмылдырылғанын, ал әскер адамдар мен малды қауіпсіз жерге көшіруге тартылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл Пенджаб тарихындағы ең ауыр су тасқыны.

3 қыркүйекте билік су басқан аудандардан шамамен 300 мың адам эвакуацияланғанын хабарлаған еді.

Айта кетсек, маусымнан қыркүйекке дейінгі муссондық жаңбырлар жыл сайын Оңтүстік Азияда апатты жағдайларға әкеледі. 26 маусымнан бері Пәкістан аумағындағы су тасқынынан 800-ден астам адам қаза тапса, Үндістанның Химачал-Прадеш штатында маусым басынан бері шамамен 300 адам қаза болған.  

Соңғы жаңалықтар