Палестиналық шейхтар өз әмірлігін құрып, Израильді мойындамақ
АСТАНА. KAZINFORM – Хевронның ықпалды шейхтары бейбіт бастама жасады. Олар Израильді мойындап, Палестина автономиясынан азат әмірлік ретінде бөлініп шығып, Авраам келісіміне қосылмақшы, деп хабарлайды The Wall Street Journal (WSJ).

Хевронның бірнеше ықпалды шейхі Израиль экономика министрі, Иерусалимнің бұрынғы мэрі Нир Баркатқа хат жолдап, оны премьер-министр Бениамин Нетаньяхуға беруді сұраған.
Мұндағы мақсат - Хевронның Палестина әкімшілігінен бөлініп, өзінің жеке әмірлігін құру. Шейхтар Израильді де Әмірлікті де мойындауды ұсынып отыр. Бұған қоса олар Авраам келісіміне қосылуға уәде еткен.
Сондай-ақ шейхтер Израильге сынақ мерзімімен Хевронның 1000 жұмысшысын қабылдауды, оған жауап ретінде терроризмге төзбеуге уәде берді.
- Бұрынғы келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру тек жемқорлыққа, өлім мен жоқшылыққа алып келді. Сол себепті билік Палестина автономиясынан жергілікті кландардың көшбасшыларына берілуі керек, - дейді шейхтар.
Осыған дейін Израиль Газа секторында атысты тоқтату туралы соңғы ұсынысқа палестиналық ХАМАС радикалдық қозғалысынан жауап алғанын растағаны туралы жаздық.