Трамптың мәлімдемесіне байланысты Панама БҰҰ Бас хатшысына шағым түсірді
АСТАНА. KAZINFORM — Панама басшылығы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке хат жолдап, онда АҚШ президенті Дональд Трамптың Панама каналының кімге тиесілі мәселесі және оны Құрама Штаттар бақылауына қайтару ниетіне қатысты мәлімдемелерін қабылдамайтынын білдірді.

Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.
— Панама президент Дональд Трамптың инаугурацияда сөйлеген сөзінде АҚШ Панама каналын қайтарады деп уәде берген мәлімдемелеріне қатысты хат жолдады. Панаманың Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Елшісі Элой Альфаро де Альба ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерришке жолдаған хатында БҰҰ Жарғысына сәйкес елдер қарым-қатынастарында кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолдану қаупінен немесе күш қолданудан аулақ болу керек екенін еске салды, — делінген Латын Америкасы елінің СІМ мәлімдемесінде.
Трамп дүйсенбіде АҚШ Конгресінің орталық залы Ротондада өткен инаугурациясында сөз сөйлеп, Панама каналын «қайтарып алу» ниетін қайталады. Ол каналды бақылауды Панамаға қайтару «жасалмауы тиіс болған ақымақ сыйлық» деп айтты. Трамптың пікірінше, «Панама каналын Қытай басқарып отыр».
1914 жылы пайдалануға берілген Панама каналын АҚШ салып, бақылады. 1977 жылы Торрихос-Картер келісімі 1999 жылы аяқталған каналды Панамаға кезең-кезеңімен беруді белгіледі. Келісім каналдың бейтараптығын және оның әлемдік саудаға қолжетімділігін қамтамасыз етті. Бүгінде ол жаһандық экономика үшін маңызды бағыт және АҚШ мүддесінің негізгі саласы болып қалып отыр.
Еске сала кетсек, АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп өз бағдарламасын жедел жүзеге асыру мақсатында Ақ үйде бірнеше жарлыққа қол қойды.
Сондай-ақ, ол өлім жазасын федералды деңгейде қайта енгізді.