Пандемиядан кейін Ясауи кесенесіне ағылған туристер бүгінде күрт азайды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Ясауи кесенесіне өткен жылы 400 мыңнан астам турист келді.

Түркістан
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Түркістан қаласының туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы тарихи қалаға келген шетелдік туристер саны 45 пайызға көбейген.

Түркі дүниесінің түпкі төрі саналған қалаға атбасын бұрғандардың басым бөлігін Өзбекстан азаматтары құрап отыр. 

Ал, қаладағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына 638 841 турист келген. Оның ішінде 412 184 адам Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кіріп, тарихи жәдігерлермен танысқан. 

— Келушілердің негізгі бөлігі — қазақстандықтар. ТМД елдерінен 10 635 (Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан) адам, алыс шетелден 12 885 (Қытай, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Иран, Германия, Италия, Франция, Жапония) турист келді. Биыл жыл басынан бері Ясауи кесенесінде 17 518 адам, жалпы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында 21 618 турист тіркелді, — делінген «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков ұсынған ақпаратта.

Түркістан/кесене
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Биылғы меймандардың көбі ТМД елдерінен, яғни Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келген. Яғни, бас-аяғы 169 адам.

Ал, алыс-жақын шетелден келген 166 адам — Түркия, Үндістан, Франция, Италия елдерінің азаматтары.

Мәулен Садықбеков ұсынған ақпаратқа көз салсақ, соңғы 5 жыл ішінде кесенеге ең көп келген туристер 2021 жылы тіркелгеніне көз жеткіземіз. Яғни, 1 млн 417 372 адам. 

Ал, қалған жылдары келушілер саны 1 миллионға жетпейді.

— Туристер кесене аумағында «Ясауи музейін», «Қылует» жерасты мешітін, «Жұма мешітін», «Шығыс моншасын», «Түркістан тарихы» музейлерін тамашалай алады. Биыл музей-қорық «Ясауитану-2025» республикалық оқушылар байқауын, «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатер» халықаралық симпозиумын, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы бойынша көшпелі көрмелер өткізуді, «Жас реставратор», «Жас археолог», «Жас экскурсовод» үйірмелерінің жұмыстарын жалғастыруды және тағы басқа да жұмыстарды жоспарлап отыр, — дейді музей-қорықтың баспасөз қызметінен.

Туркестан Түркістан
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келгенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар