Пара алған екі әскери қызметші бас бостандығынан айырылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы Мұхит Джавгашев 9 жылға, Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы тергеу тобының аға тергеушісі Асхат Садуакасов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша кінәлі деп танылды.

Іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралды. Сотталушы Мұхит Джавгашев Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар станциясында дүниеге келген. Жоғары білімді. ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы қызметін атқарған. Ал сотталушы Асхат Садуакасов Жетісу облысы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Үйленген, білімі жоғары, бұрын сотталмаған. Ол Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы тергеу тобының аға тергеушісі қызметін атқарған.

— Мұхит Джавгашев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 1, 2-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Мемлекеттік қызметте, судья қызметінде, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде, Ұлттық банкте, қаржы саласында, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субьектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Полковник әскери шенінен айырылсын. Асхат Садуакасов Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары негізінде кінәлі деп танылсын. 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін. Асхат Садуакасов әділет аға лейтенанты әскери шенінен айырылсын, — деді Ақтөбе гарнизонының әскери сотының судьясы Айдана Мамбетказиева.
Сот шешімімен екі сотталушы да жәбірленушілердің өтемақы қорынан 20 АЕК көлемінде, яғни 73840 теңге өндірілуі тиіс. Судья Айдана Мамбетказиеваның айтуынша, жәбірленуші ұсынған 700 мың теңге үкім заңды күшіне енген соң иесіне қайтарылуы керек.

Еске салсақ, жыл басынан бері қарулы күштер қатарынан бәс тігіп, құмар ойынға қызыққан жеті әскери қызметкер қызметінен шеттетілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Әскери полиция бас басқармасының профилактика басқармасының бастығы Ертай Ералин мәлім етті.