Паралимпиада, сурдлимпиада жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушылар арнайы төлем алады
АСТАНА. KAZINFORM — Енді паралимпиадалық және сурдлимпиадалық ойындары жеңімпаздарын дайындайтын жаттықтырушы-кеңесшілерге 800-ден 5000 АҚШ долларына дейін арнайы төлем беріледі.

Туризм және спорт министрі 2025 жылғы 3 сәуірдегі бұйрығымен жоғары деңгейдегі спортшылар мен оларды даярлаумен айналысатын жаттықтырушылар мен мамандармен спорттық қызмет туралы шарттар бойынша төлем жасау жүйесіне өзгерістер енгізді.
Атап айтқанда, жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлайтын дене шынықтыру және спорт саласындағы жаттықтырушылар мен мамандарға арнайы төлем тағайындалады. Олардың қатарында паралимпиадалық және сурдлимпиадалық ойындарда медаль алуға үміткер спортшыларды дайындайтын жаттықтырушы-кеңесшілер бар. Оларға 800-ден 5000 АҚШ долларына дейін төлемдер беріледі.
Бұйрық биыл 19 сәуірден бастап күшіне енеді.
Жыл басында паралимпиада және сурдлимпиада ойындарының болашақ жүлдегерлерін дайындау ақысы өсуі мүмкін екендігі туралы хабарлаған едік.
Еске салсақ, былтыр Астана қаласының әкімдігі Париждегі Паралимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салған спортшыларға сый-құрмет көрсетті.