Паралимпиаданың басталуына 4 күн қалды: ел намысын кімдер қорғайды
АСТАНА. KAZINFORM — 4 күннен кейін Италияның Милан — Кортина-д’Ампеццо қалаларында XIV қысқы Паралимпиада басталады, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Биылғы дүбірлі додада Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы пара шаңғы және пара биатлон спорт түрлері бойынша ел намысын қорғайды. Халықаралық аренада Қазақстан атынан 7 спортшы сынға түседі.


Олар: Ербол Хамитов, Нұрлан Әлімов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев және Анна Грачева.

Құрама сапындағы ең жас спортшы — пара шаңғы жарысында өнер көрсететін Владислав Кобаль. Ол небәрі 17 жаста. Ал команданың ең тәжірибелі әрі жасы үлкен мүшесі — пара шаңғы және пара биатлоннан бақ сынайтын Сергей Усольцев. Оның жасы 51-де.

Ұлттық құрамадағы тәжірибелі спортшылардың бірі — Александр Герлиц. Ол 2022 жылғы Бейжің Қысқы Паралимпиадасының пара биатлоннан қола жүлдегері. Сонымен қатар, 2018 жылғы Пхёнчхан Паралимпиадасында пара шаңғы жарысынан үздік төрттіктің қатарына енген.

Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Ербол Хамитов — пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан Әлем чемпионаттарының жүлдегері және бірнеше мәрте Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы. 2022–2023 жылғы маусымда ол пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанып, Қазақстан тарихында осы жетістікке қол жеткізген алғашқы пара спортшы болды. Ал 2024–2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша Ербол Хамитов пара биатлоннан Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетіп, 31 жылдан кейін Қазақстанға Хрусталь глобусты қайта әкелді.
Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Паралимпиада 6–16 наурыз аралығында Италияда өтеді. Байрақты додаға әлемнің 600-ден астам спортшысы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Биылғы ойындар ерекше маңызға ие — Қысқы Паралимпиада қозғалысының 50 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Алғашқы Қысқы Паралимпиада 1976 жылы Швецияның Эрншёльдсвик қаласында өткен.
Осыған дейін Италиядағы Олимпиадада америкалық тау шаңғышысы ауыр жарақат алғанын жазғанбыз.