«Парасат жолы» орталығының басшысы Ақтөбедегі жемқорлықпен күрес жұмыстарымен танысты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Парасат жолы» республикалық орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгелмен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиевамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу кезінде Оңдасын Оразалин «Антикордың» қоғам арасында, соның ішінде кітапханалар арқылы парасаттылық, адалдық қағидаларын ілгерілететін «Парасат жолы» жаңа жобасын жүзеге асыру кезіндегі маңыздылығын атап өтті. Жоба жазушы, ақын, білім мен ғылым қайраткерлері сынды зиялылардың басын қосты.

«Қоғам кейде «жемқорлықты ешкім жеңе алмайды» деп күдіктенеді. Біз осы күдікті сейілтуіміз керек. Көзқарас та өзгеруі тиіс. Мемлекеттік органдар мен қоғам бірге болса, «аланбайтын қамал, жеңілмейтін жау» болмайды. Ақтөбе өңіріне келер болсам, мұнда көп іс тындырылған. «Адалдық алаңы» жобасы – халықтық жоба. Сервистік әкімдіктің жұмысы да нәтиже берді», - деді Парасат жолы» республикалық орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобасы Ақтөбе облысында белсенді жүзеге асырылып келеді. Өңірдегі 233 мемлекеттік кітапханада облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен мәдениет басқармасы арасындағы меморандумға сәйкес «Парасат жолы» орталығы жұмыс істейді. Бұл алаңдарда қоғам қайраткерлері, зиялылар мен ғалымдар және руханият өкілдері үнемі ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізіп отырады.