Париж-2024: Олимпиада алауының дизайны қандай тақырыптарды қамтыған
АСТАНА. KAZINFORM - Париж қаласында өтетін ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтануға бүгін тура 11 күн қалды. Осыған орай алаудың дизайны қандай тақырыптарды қамтып жатқаны туралы деректерді назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Кез келген Олимпиада алдында сол елдің ішіндегі қалаларда алау эстафетасының өтетіндігі белгілі. Париж Олимпиадасындағы алаудың дизайнында су, теңдік және әлем тақырыптары қамтылған.
Эстафета барысында алау Атлант, Үнді, Тынық мұхиттары арқылы бірнеше аралды қамтиды. Ал Париж Олимпиадасының ашылуы Сена өзенінде өтеді.
Париж Олимпиадасында алғаш рет гендерлік теңдік (ерлер мен әйелдердің үлесі - 50/50%) сақталады.
Олимпиада және Паралимпиада ойындары соғысты тоқтатып, бейбітшілікке үгіттейді.
Естеріңізге сала кетсек, Париж Олимпиадасының алауы осы жылдың 16 сәуірінде Грекияның Олимпия қаласында жағылған болатын.
Алғашқы эстафеталық алауды ескек есуден Токио Олимпиадасының чемпионы Стефанос Дускос алды. Айта кетейік, алауды барлығы 600-ден астам адам алып жүреді.
Грекиядан бастау алған эстафета 8 мамырда Францияның Марсель қаласына жеткізілген болатын. Эстафета барысында Ласко үңгірі, Алезиядағы археологиялық қазбалар, ортағасырлық Каркасонна қаласы, Версаль сарайы және басқа да тарихи-мәдени әрі көрікті жерлер қамтылған.